Астана шенеуніктері айласын асырды ма?

Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Астанадағы жер дауы ел арасында үлкен резонанс тудырды. Жағдай былай: 2023 жылы «Керуен» сауда орталығының жанындағы үш гектар жер телімі мемлекеттік аукцион арқылы небәрі 176 миллион теңгеге сатылды. Алайда 2024 жылы Астана қаласының әкімдігі дәл осы жерді 1 миллиард 80 миллион теңгеге қайта сатып алмақ, деп Kazface.kz тілшісі хабарлайды.
Жерді сатқалы төрт ай ғана өткен. Сол уақытта бағасы 832 миллион теңгеге өсіп отыр. Бұл жердің соңғы жылдардағы оқиға желісі былай өрбіген: 2022 жылы – жер телімі пайдаланылмаған деп танылып, мемлекет меншігіне қайтарылады. 2023 жылы – аукцион арқылы жеке адамға 176 млн теңгеге сатылады. Ал, өткен жылы – әкімдік бұл жерге сквер салу қажет деп шешіп, жерді 1,08 млрд теңгеге қайта сатып алуға шешім қабылдайды.
Мәслихат депутаты Асқар Смағұлов мәселені маслихат сессиясында көтеріп, бірнеше қисынды сұрақ қойған.
«Сіздер әлі меншікке өтпеген жерге сквер салып жатырсыздар. Бұл бір. Екіншіден, егер бұл жер 2022 жылы мемлекетке қайтарылған болса, оны неге қайта аукцион арқылы саттыңыздар? Ал енді не үшін 176 млн-ға сатқан жерді 1 миллиардқа қайтарып алғалы отырсыздар? Мұнда логика қайда?», деді ол.
Смағұловтың айтуынша, бұл – инсайдерлік ақпараттың көмегімен құрылған қаржылық схема болуы мүмкін. Ол бұл іске прокуратура араласуы керек деп есептейді.
Астана әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов бұл жағдайды мойындай отырып, былай деп түсіндірді.
«Иә, бұл шешім аукцион өтіп кеткен соң қабылданды. Егер бұл жер жеке тұлғаның меншігінде қала берсе, ол түнгі клуб салып жіберуі мүмкін еді. Сондықтан біз халықтың пікірін ескере отырып, сквер салуға шешім қабылдадық», деді әкім орынбасары.
Алайда бұл уәжбен көпшілік келісе бермейді. Неге десеңіз, әкімдік сквер салу туралы аукционға дейін емес, кейін ойланып отыр. Ал бұл аралықта жер әлдеқашан жеке адамның меншігіне өтіп кеткен.
Бұл оқиғада күмәнді тұстар өте көп. Мәселен, жер бағасы төрт айда 6 есе өсіп кеткені күмән туғызады. Бұл қалыпты нарық заңына сай ма? Жерді сатқан кездегі және сатып алғалы отырған кездегі бағалау есептері қайда? Аукционға басқа қатысушылар неге жеңе алмады? Әлде бұл алдын ала белгілі сценарий болды ма? Бұл – тек бір мысал ғана.
Әкімдіктіктегілер болса, «Керуен» сауда орталығы маңындағы үш гектар жер 1,08 млрд теңгеге қайта сатып алынбайтынын айтты. Олар, бұл аумақ қоғамдық қажеттілік үшін мемлекет меншігіне қайтарылып жатқанын жеткізді. Яғни жер иесімен келісіп сатып алу емес, заң аясында мәжбүрлеп алу шарасы жүргізілуде. Алайда қалалық билік бұл жердің қазіргі нақты иесі кім екенін ашып айтқан жоқ. Себебі ретінде – «жеке деректерді қорғау туралы заңды» алға тартты.
Айта кетерлігі, аталған жер телімі бұған дейін белгілі кәсіпкер Тимур Құлыбаевқа тиесілі болғаны хабарланған. Қазір нақты кімнің меншігінде екені ашық айтылмағанымен, шенеуніктер бұл процестің заң шеңберінде жүріп жатқанын жеткізді.
Соған қарамастан, қоғамда бұл іске қатысты сенімсіздік басым. Себебі, бірнеше ай бұрын ғана арзан бағаға сатылған жердің бірнеше есе қымбатқа қайта мемлекетке қайтарылуы — бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуы мүмкін деген күдік тудырып отыр. Сондықтан бұл іске қатысты толық ақпарат пен нақты шешімдер ашық жарияланып, құқықтық баға берілмейінше, жұртшылық арасында резонанс басыла қоймасы анық.
Жалпы, бұл оқиға мемлекеттік мүлік пен жер саясатының ашықтығы мен әділеттілігіне қатысты үлкен сұрақтар тудырып отыр. Жер – халықтың игілігі. Сондықтан оған қатысты әрбір шешім де халықтың мүддесіне сай болуы тиіс.