«Отбасы банктегі» депозиттер енді қорғалады

Қазақстанда «Отбасы банктегі» тұрғын үй мақсатындағы депозиттер үшінші тұлғалардың қол сұғуынан қорғалды, деп хабарлайды KazFace.kz тілшісі «24KZ» сілтеме жасап.
Сенат мақұлдаған заңға сәйкес, енді мұндай шоттар арестке алынбайды, қарыздар үшін қаражат өндірілмейді. Бұл қорғау шарасы нотариустар мен жеке сот орындаушыларына да қатысты — олар да енді бұл жинақтарға қол сұға алмайды, тіпті шотта кепілдік болса да.
Жаңа ереже барлық салымдарға қолданылады . Ол бұрын ашылған не болмаса жаңадан ашылатын болса да. Осылайша, мемлекет «Отбасы банктегі» жинақтарды екі кодекс пен үш заң арқылы қорғанысқа алды. Бұл тұрғын үйге ақша жинап жүрген азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған маңызды қадам.
Бүгінде банкте 3 миллионнан астам депозит бар, жинақтардың жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асады. Әр күн сайын 3 мыңнан астам жаңа депозит ашылады, ал 300-ге жуық отбасы жаңа үйдің кілтін алып, қуанышқа кенелуде. Орташа салымшының жасы — 35 жас. Ең үлкен салым иесі — 92 жаста, ал ең кішісі – бір жасқа да толмаған.
Қазірдің өзінде 400 мыңнан астам бала атына салым ашылып, 148 миллиард теңгеге жуық қаржы жиналған. Бұл – жалпы депозиттердің 15 пайызын құрайды.
Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс тұрғын үй жинақ жүйесіне деген сенімді арттырып, «Отбасы банкті» халық үшін одан сайын тартымды етеді.