Жұмысқа шыққан аналар жәрдемақыны қайтарады

Қазақстанда бала күтіміне байланысты жәрдемақыны кері қайтаруға тура келуі мүмкін, деп хабарлайды KazFace.kz.
Егер ата-ана бала 1,5 жасқа толмай тұрып жұмысқа шықса, мемлекетке бұл туралы хабарлап, жәрдемақы алуды тоқтатуға міндетті. Бұл талап орындалмаса, төленген соманы толықтай қайтаруға тура келеді.
2023 жылдан бастап күшіне енген ережеге сәйкес, бала күтіміне байланысты төлемдер тек табыс болмаған жағдайда ғана беріледі. Ал ата-ана жұмысқа шыққан жағдайда – ресми түрде, жартылай немесе фриланс түрінде болсын – жәрдемақы тоқтатылады.
Жауаптылар түсіндіргендей, әлеуметтік төлем – табыстан айырылу жағдайына арналған көмек. Сондықтан ата-ана жұмысқа орналасқаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына хабар беруі керек. Жәрдемақы сол айдан кейінгі бірінші күннен бастап тоқтатылады.
Алайда бұл автоматты түрде жүзеге аспайды – егер азамат хабарламаса, заң бұзған болып есептеледі және мемлекет барлық заңсыз алынған төлемдерді қайтаруды талап ете алады. Электронды еңбек шарттары мен зейнетақы аударымдары арқылы бұл деректерді анықтау жеңілдеген.
Мамандардың айтуынша, мұндай талаптар әсіресе бала күтімі кезінде қосымша табыс тапқысы келетін әйелдерге ауыр тиюі мүмкін.