Сергей Орджоникидзе Тоқаевтың БҰҰ-дағы қызметі туралы айтты
Жұлдыз ОРАЗХАН
БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары, ресейлік дипломат Сергей Орджоникидзе Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық қызметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымындағы жұмысы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Оның естеліктері 2021 жылы «Хабар» телеарнасынан көрсетілген «Преодоление» деректі фильміне енген.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2011 жылдың наурызында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры және Қарусыздану жөніндегі конференциядағы БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі болып тағайындалды. Бұл қызметте ол 2002 жылдан бері Женевадағы БҰҰ бөлімшесін басқарған Сергей Орджоникидзені алмастырды. Сонымен қатар Тоқаев аталған қызметке тағайындалған алғашқы Азия өкілі болды.
Орджоникидзенің айтуынша, Тоқаев БҰҰ-ға келгенге дейін халықаралық қатынастар саласында мол тәжірибе жинақтап үлгерген. Ол Қазақстанның Сыртқы істер министрі, Премьер-министрі және Парламент Сенатының төрағасы қызметтерін атқарған. Сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясының бірнеше сессиясына қатысып, қарусыздану және халықаралық қауіпсіздік мәселелерімен айналысқан.
Орджоникидзе Тоқаевқа қызметін тапсыру кезінде оның халықаралық мәселелерді жақсы білетін тәжірибелі дипломат болғанын атап өткен. Оның сөзінше, БҰҰ секілді халықаралық ұйымдағы жоғары лауазымға келген маманның жинаған саяси және дипломатиялық тәжірибесі ұйым жұмысы үшін де маңызды.
Ресейлік дипломат Тоқаевтың келіссөз жүргізу мәнеріне де тоқталған. Оның пікірінше, дипломат үшін халықаралық мәселені жалпы деңгейде білу жеткіліксіз, оны егжей-тегжейлі, сараптамалық деңгейде меңгеру қажет. Орджоникидзе Тоқаевтың осы ерекшелігін атап өтіп, келіссөз кезінде қарсы тарапқа құрметпен қарайтынын және мәселеге терең дайындықпен келетінін айтқан.
Орджоникидзе Тоқаевтың Қытайда қызмет еткен кезеңін де еске алды. Оның айтуынша, Қытайдағы КСРО елшісі Олег Трояновский келіссөздерге Тоқаевты жиі бірге алып жүрген. Бұған оның қытай тілін және талқыланатын мәселелерді жақсы білуі себеп болған.
2011 жылы БҰҰ Тоқаевтың Женевадағы бөлімшенің бас директоры қызметіне тағайындалғанын жариялаған кезде оның жоғары мемлекеттік қызметтегі тәжірибесін, Қарусыздану жөніндегі конференция жұмысы туралы білімін және әртүрлі тараптар арасында ортақ келісім қалыптастыру қабілетін атап өткен.
Тоқаев БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесін 2011-2013 жылдары басқарды. Кейін Қазақстанға оралып, Парламент Сенатының төрағасы қызметін жалғастырды.
Сергей Орджоникидзе «Преодоление» фильмінде Тоқаевпен кәсіби қарым-қатынастың кейін достық байланысқа ұласқанын да айтқан. Ол Тоқаевтың Қазақстан Президенті болғаны туралы жаңалықты қуанышпен қабылдағанын жеткізді.