Қоғам

Қазақстанда граффитиге тыйым салу ұсынылды

Қазақстанда граффитиге тыйым салу ұсынылды

Жұлдыз ОРАЗХАН

Қазақстанда қоғамдық ғимараттар мен нысандарға граффити салуға толық тыйым салу ұсынылды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Ішкі істер министрлігі мұндай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді жоспарлап отыр.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов үкімет отырысында қоғамдық кеңістіктерді вандализмнен қорғау шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, заңнамаға қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарға жазу жазуға және сурет салуға тыйым салатын нормалар енгізу ұсынылып отыр. Талапты бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылмақ.

Премьер-министр Олжас Бектенов ішкі істер министрлігіне қоғамдық орындарға зиян келтіретін граффитидің барлық түріне толық тыйым салу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қоғамдық ғимараттардың қабырғаларына граффити салатын адамдарға қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырған еді. Мемлекет басшысы мұндай әрекеттердің алдын алу үшін заңнамалық және нормативтік шаралар қажет екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада LRT вагондарына белгісіз адамдар граффити салған. Кейін жазулар арнайы құралдардың көмегімен тазартылып, іс полицияға берілген.