Қазақстан халықаралық аренадағы позициясын нығайтуда — Kazface.kz
Жаңалықтар

Қазақстан халықаралық аренадағы позициясын нығайтуда

Қазақстан халықаралық аренадағы позициясын нығайтуда

Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен халықаралық аренадағы орнын нығайтып, экономикалық тұрақтылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлайды KazFace.kz

2026 жылғы Most Powerful Countries рейтингісінде еліміз әлемдегі ықпалды мемлекеттердің үздік 35 елінің қатарына еніп, 34-орынға ие болды.

Елдің экономикалық тұрақтылығы халықаралық резервтердің өсуімен де расталады. 2025 жылдың соңында Ұлттық қордың валюталық активтерін қоса есептегендегі Қазақстанның халықаралық резервтері 129,3 млрд долларға жетті. Бұл соңғы бес жылда 37 пайызға, жеті жылда 45,4 пайызға өскенін көрсетеді. Ал алтын-валюта резервтері бес жыл ішінде 91,7 пайызға артып, 70,6 млрд долларды құрады.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жеті жылда елде 1 300-ден астам мектеп, шамамен 1 500 балабақша және 1 259 жаңа медициналық мекеме ашылды. Осы кезеңде 3,6 млн жаңа жұмыс орны құрылып, оның 2,4 миллионы тұрақты жұмыс орындары болды.

Сонымен қатар инвестициялық ахуалды жақсарту және шетелдік капитал тарту бағытында бірқатар тетік енгізілді. Олардың қатарында «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа, Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб және шетелдік кәсіпкерлерге арналған «Altyn visa» бағдарламасы бар.

Бұдан бөлек, инвестициялық жобаларды жеделдетуге арналған Fast Track тетігі, инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған «прокурорлық сүзгі» және шетелдік серіктестерге арналған «жасыл дәліз» құралдары енгізілуде.

Аталған шаралар елдің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және Қазақстанның сенімді инвестициялық серіктес ретіндегі позициясын күшейтуге бағытталған.