Google-ға 403 млн еуро айыппұл салынды
Жұлдыз ОРАЗХАН
Ирландияның Деректерді қорғау комиссиясы Google компаниясына 403 млн еуро айыппұл салды деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұған компанияның пайдаланушылардың геолокация деректерін өңдеу кезінде Еуропалық Одақ талаптарын бұзуы себеп болды.
Тергеу 2020 жылдың ақпанында еуропалық тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарының шағымдарынан кейін басталған. Комиссия Google-дың «Web & App Activity», «Location History» және «Location Accuracy» функциялары арқылы геолокация деректерін қалай өңдегенін тексерді. Тергеу 2018 жылғы 25 мамыр мен 2020 жылғы 4 ақпан аралығын қамтыды.
DPC мәліметінше, компания кейбір сервистерде пайдаланушылардың орналасқан жері туралы деректерді өңдеу кезінде GDPR талаптарын бұзған. Сондай-ақ пайдаланушыларға олардың деректері қалай қолданылатыны туралы жеткілікті әрі түсінікті ақпарат берілмеген және кейбір мәліметтер қажетті мерзімнен ұзақ сақталған. Регулятор мұндай жағдай адамдардың жеке деректерін бақылау мүмкіндігін шектегенін атап өтті.
Google бұл іс компанияның бұрынғы саясатына қатысты екенін мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша, 2019 жылдан бері геолокация деректерін басқару тетіктері жаңартылып, деректерді автоматты түрде жою мүмкіндігі енгізілген.
Комиссия Google-ға айыппұлдан бөлек, алты ай ішінде геолокация деректерін өңдеу тәртібін Еуропалық Одақ заңнамасының талаптарына толық сәйкестендіруді міндеттеді.