Президент тапсырмасына сәйкес Құрылтай депутаттары мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға арналған заң әзірлеп жатыр — Kazface.kz
Жаңалықтар

Президент тапсырмасына сәйкес Құрылтай депутаттары мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға арналған заң әзірлеп жатыр

Президент тапсырмасына сәйкес Құрылтай депутаттары мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға арналған заң әзірлеп жатыр

Балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселелері республикалық кеңесте қаралды, деп хабарлайды KazFace.kz

Жиында мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» біртұтас тұжырымдамасын іске асыруға ерекше назар аударылды.

Кеңес барысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл – Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Зәкиева, Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев және бірқатар министр баяндама жасады.

Вице-президент Ерлан Қарин балалардың құқықтарын қорғау, білім беру сапасын арттыру, денсаулығын сақтау және әлеуметтік қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында үш жыл ішінде 7 миллионнан астам балаға 2,5 миллиард доллардан астам қаражат аударылды. Соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1 342 мектеп салынды.

Соңғы үш жылда балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған 11 заң қабылданды. 2024 жылмен салыстырғанда аса ауыр қылмыстар саны 45 пайызға, ал жасөспірімдерге қатысты жыныстық сипаттағы мәжбүрлеу қылмыстары мен кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар 10 пайызға азайды.

Қазіргі уақытта өңірлерде 160 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. «111» байланыс орталығы арқылы қиын жағдайға тап болған балаларға 9 мың жағдайда көмек көрсетіліп, 73 жағдайда суицидтің алдын алуға мүмкіндік туған.

Кеңесте мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдауға арналған заң жобасын әзірлеу мәселесі де қаралды.

Жиын қорытындысында Ерлан Қарин балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі тапсырмалардың орындалуына өңірлерде ай сайын мониторинг жүргізуді тапсырды. Ал республикалық кеңесте бұл мәселелер кемінде екі айда бір рет қаралатын болады.