Қорғаныс министрлігінде бес адам қамауға алынды
Жұлдыз ОРАЗХАН
Қорғаныс министрлігін кешенді тексерудің алғашқы кезеңі бойынша 13 қылмыстық іс қозғалып, бес лауазымды тұлға қамауға алынды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева мемлекет басшысына тексерудің алғашқы нәтижелерін баяндады.
Тексеру барысында мемлекет мүлкін ықтимал талан-таражға салу, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелердегі басқа да заң бұзушылықтар бойынша қылмыстық істер қозғалған.
Сондай-ақ Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаның мән-жайын зерделеу барысында жаттығуды дайындау мен жоспарлау, тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елеулі кемшіліктер анықталған.
Командалық құрамның ықтимал қылмыстық салғырттығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта бес лауазымды тұлға қамауға алынған. Олардың әрекетіне түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижесі бойынша беріледі.
Комиссия әскери тәртіп пен профилактикалық жұмыста да кемшіліктер анықтаған. Әскери қызметшілер арасындағы жарғыға қайшы қарым-қатынас пен күш қолданудың жекелеген фактілері бойынша да қылмыстық істер қозғалды.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқан еді. Қайғылы оқиғадан кейін қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру үшін арнайы комиссия құрылды.
27 қыркүйекте Дәурен Қосанов қорғаныс министрі қызметінен босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.
Президент комиссияға қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.