Мароккода алғаш рет әйел премьер-министр тағайындалды
Жұлдыз ОРАЗХАН
Марокко королі Мұхаммед VI Фатима Захра Эль-Мансуриді елдің премьер-министрі қызметіне тағайындады, деп хабарлайды KazFace.kz.
50 жастағы Эль-Мансури Марокко тарихында үкіметті басқаратын алғашқы әйел атанды. Бұған дейін ол Марракеш қаласының мэрі, сондақ-ақ аумақтық жоспарлау, қала құрылысы және тұрғын үй министрі қызметтерін атқарған. Мамандығы бойынша заңгер.
Ол өкілдік ететін «Шынайылық және заманауилық партиясы» (PAM) 23 қыркүйекте өткен парламент сайлауында 395 орынның 97-сін иеленіп, бірінші орынға шықты. Марокко Конституциясына сәйкес, король парламенттік сайлауда ең көп мандат алған партияның өкілін үкімет басшысы етіп тағайындайды.
Енді Эль-Мансури жаңа үкімет құрамын жасақтап, парламенттегі басқа саяси күштермен коалиция құруы тиіс. Абсолютті көпшілікке қол жеткізу үшін 198 депутаттың қолдауы қажет.
Фатима Захра Эль-Мансури араб әлемінде үкімет басқарған екінші әйел болды. Бұған дейін Тунисте Наджла Буден 2021 жылы премьер-министр қызметіне тағайындалған еді.
Жаңа үкімет алдында жұмыссыздық пен өмір сүру құнының өсуі сияқты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу, сондай-ақ Марокко Испания және Португалиямен бірге қабылдайтын 2030 жылғы футболдан әлем чемпионатына дайындық жұмыстарын жалғастыру міндеті тұр.