Бірыңғай тау кеңістігі: Алматы тұрғындары үшін не өзгереді?
Алматы тау кластері Шымбұлақ, Кімасар, Бутаковка, Пионер және Ой-Қарағайды біртұтас жүйеге біріктіруге бағытталған, деп хабарлайды KazFace.kz.
Жоба тау туризмін дамытуға, демалыс мүмкіндіктерін кеңейтуге және әр аймақтың ерекшелігін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Шымбұлақ тау-шаңғы демалысының негізгі орталығы болып қала береді. Кімасарда жаяу және велосипед бағыттары, бақылау алаңдары мен демалыс орындары дамытылады. Бутаковка байланыстырушы әрі сервистік аймаққа айналады. Пионер балаларға, жаңадан бастаған шаңғышыларға және спорт мектептеріне бағытталса, Ой-Қарағайда сноупарк, тюбинг, зиплайн және отбасылық демалыс нысандары дамиды.
Жоба аясында бірыңғай ски-пасс жүйесін енгізу, балалар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған инфрақұрылымды дамыту көзделген.
Кластер жыл бойы жұмыс істейтіндей жоспарланған: қыста шаңғы мен сноуборд, жазда жаяу және велосипед бағыттары, серуендеу мен арқан жолдары ұсынылады.
Көлік тұжырымдамасында тау бөктеріндегі перехваттық тұрақтар, шаттлдар мен арқан жолдары қарастырылған. Бұл тау жолдарындағы көлік жүктемесін азайтып, тұрғындардың тауға жетуін жеңілдетуге бағытталған.
Нәтижесінде Алматы маңындағы бес тау аймағы өзара байланысқан, спорт, туризм және демалысқа арналған бірыңғай тау кеңістігіне айналмақ.