Эколог Олжас Дүйсенов 7,5 жылға сотталды — Kazface.kz
Жаңалықтар

Эколог Олжас Дүйсенов 7,5 жылға сотталды

Эколог Олжас Дүйсенов 7,5 жылға сотталды

Жұлдыз ОРАЗХАН

Алматыда эколог Олжас Дүйсенов Бостандық аудандық №2 сотының үкімімен 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Сот Дүйсеновті Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша, яғни бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету ісі бойынша кінәлі деп таныған. Ал қалған тағылған айыптар бойынша эколог ақталды.

Бастапқыда Олжас Дүйсеновке өзі құрылтайшыларының бірі болған KazEcoSolutions компаниясына қатысты рейдерлік жасады деген айып тағылған. Аталған компания топырақ пен суды мұнай қалдықтарынан биологиялық тазарту технологиясын әзірлеумен айналысқан. Дүйсенов те осы технологияны жасауға қатысқан.

Сонымен қатар оған технологияны коммерцияландыру үшін дүниежүзілік банк бөлген грант қаражатын жымқыру, бөтеннің мүлкін ысырап ету, құжаттарды қолдан жасау және есірткі заттарын сақтау бойынша айыптар тағылған. Дүйсенов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

Биыл тамызда ұсынылған жаңа айыптау актісінен рейдерлікке қатысты айып алынып тасталды. Нәтижесінде сот Дүйсеновті бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап етуге қатысты баптан басқа айыптар бойынша ақтады.

Эколог 2025 жылдың ақпанында қамауға алынған. Содан бері ол тергеу изоляторында отырған.