Астанада LRT-ның екінші кезеңі: тағы 20 станция салынады — Kazface.kz
Қоғам

Астанада LRT-ның екінші кезеңі: тағы 20 станция салынады

Астанада LRT-ның екінші кезеңі: тағы 20 станция салынады

Балауса ЖАҚСЫБАЙ 

Астанада Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесінің (LRT) екінші кезеңі аясында тағы 20 станция салу жоспарланып отыр. Оның бесеуі қаланың оң жағалауында, тағы үшеуі Қосшы бағытына қарай орналасады. Қазіргі таңда жобаның жекелеген учаскелерінде дайындық және құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды KazFace.kz - tengrinews.kz сілтеме жасап. 

Бұл туралы City Transportation Systems (CTS) компаниясы Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Оң жағалауда бес станция салынады LRT желісінің оң жағалауға дейінгі жалғасы аясында бес станция салу көзделген. Олар Сарыарқа, Жеңіс даңғылдары және «Астана-1» теміржол вокзалы маңында орналасады.

Бұған дейін CTS басшысы Асылбек Дүйсебаев желінің «Хан Шатыр» ауданы, Кенесары және Жеңіс даңғылдары арқылы ескі теміржол вокзалына дейін ұзартылатынын айтқан болатын. Компанияның мәліметінше, бұған дейін ұсынылған бағыт өзгерген жоқ.

Қазіргі уақытта оң жағалауда геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық жүріп жатыр.

«Tarlan Astana желісін ұзарту учаскесіндегі негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары геологиялық жұмыстар аяқталғаннан кейін басталады», – деп хабарлады CTS.

Яғни, қазіргі таңда оң жағалауда жүргізіліп жатқан жұмыстар эстакада мен станциялардың тікелей құрылысы емес, дайындық кезеңіне жатады.

Жобаның құны әзірге нақтыланбаған. Компанияның мәліметінше, оның нақты сомасы қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін белгілі болады. Құрылыстың аяқталу мерзімі де әзірге аталмады. Ол қаржыландырудың уақытылы қамтамасыз етілуіне байланысты болады.

Қосшы бағытында эстакада құрылысы жүріп жатыр LRT-ның екінші кезеңіндегі тағы бір маңызды бағыт – Қосшы қаласына қарай өтетін желі.

Бұл учаскедегі жұмыстар неғұрлым белсенді кезеңге өткен. Қазіргі уақытта мұнда тіректер мен эстакада салынуда.

Желінің ұзындығы 9 шақырымды құрайды. Осы учаскеде үш станция салу жоспарланған.

Бұған дейін CTS қаржыландыру уақытылы қамтамасыз етілген жағдайда бұл учаскені 2027 жылдың соңына дейін аяқтауға болатынын хабарлаған. Алайда компания редакция сауалына берген жауабында нақты аяқталу мерзімін растаған жоқ. Жұмыстардың мерзімі қаржыландыруға байланысты болатыны айтылды.

Ескі вокзал бағыты мен Қосшыға қарай созылатын учаскелерді қатар салу жоспарланып отыр. Бұл бағыттың да нақты құны әзірге анықталған жоқ.

LRT-ның екінші кезеңі үш бағытты қамтиды
CTS мәліметінше, Tarlan Astana LRT жүйесінің екінші кезеңінің жалпы ұзындығы 26,51 шақырымды құрап, онда 20 жаңа станция салынады.

Оның ішінде бес станция қаланың оң жағалауында – Сарыарқа, Жеңіс даңғылдары мен «Астана-1» вокзалы маңында, ал үш станция ұзындығы 9 шақырым болатын Қосшы бағытына қарай орналасады.

Сонымен қатар екінші кезең тек осы екі бағытпен шектелмейді. Бұған дейін Мемлекет басшысының LRT іске қосылуына қатысуы барысында жаңа желілерді үш бағытта – «Астана-1» теміржол вокзалына, Жағалау тұрғын алабына және Қосшы қаласына қарай салу жоспарланғаны хабарланған болатын.

Жалпы, екінші кезеңнің ұзындығы шамамен 26,5 шақырым болып, 20 станцияны қамтиды.

Бірінші және екінші кезеңдер толық іске асқаннан кейін Tarlan Astana желісінің жалпы ұзындығы 48,91 шақырымға, ал станциялар саны 38-ге дейін жетеді.

Қазіргі бірінші кезеңнің ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды және оның құрамында 18 станция бар. Екінші кезең желіге тағы 26,51 шақырым және 20 станция қосады.

Осылайша, Астанада LRT желісі қаланың негізгі бағыттарын өзара байланыстыратын ауқымды көлік жүйесіне айналмақ.