Тоқаев: Трамптың суперинтеллект бастамасы жаһандық модель болуы мүмкін
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның цифрлық мемлекетке айналу бағытындағы жұмыстарын атап өтіп, жасанды интеллектіні дамытуда жоғары жауапкершілік пен адалдық қағидаттарын ұстанудың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Президенттің айтуынша, өткен жылы Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асты. Бүгінде отандық цифрлық шешімдерді әлемнің 100-ден астам елінде пайдаланады.
Қасым-Жомарт Тоқаев озық технологиялар саласында қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалмай, инновациялық стартаптарға нақты қолдау көрсетіп, перспективалы жобаларды іске асыру қажеттігін айтты.
– Егер еліміздің қуатты технологиялық негізін қалыптастыруды көздесек, инновациялық стартап-компанияларға нақты қолдау көрсетіп, озық жобаларды жүзеге асыруымыз керек, – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар президент жасанды интеллектіні дамыту кезінде аса жоғары жауапкершілік таныту қажет екенін атап өтті. Осы ретте ол индустриялық AI міндеттерінің арнайы тізбесін қалыптастыруды ұсынды. Оның негізінде экономиканың нақты сұраныстары мен өндірістің өзекті мәселелері жатуы тиіс.
Мемлекет басшысы аталған міндеттер негізінде қазақстандық және шетелдік командалардың қатысуымен AI Challenge байқауын іске қосуды ұсынды.
Тиімділігі іс жүзінде дәлелденген үздік жобалар кейін өндірісте енгізілетін болады. Бұл тәсіл жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерді нақты экономикалық міндеттерді шешуге бағыттауға мүмкіндік береді.
Президент сондай-ақ озық технологияларды дамыту Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елдің технологиялық әлеуетін одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.