Билік

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті басталды

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті басталды
Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Астана қаласының тәуелсіздік сарайында Қазақстанның төрағалығымен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті өтуде, - деп хабарлайды KazFace.kz.

Іс-шараға Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзірбайжан, Катар, БАӘ, Түркия және Түрікменстан мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары, сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы және ШЫҰ өңірлік терроризмге қарсы құрылымының атқарушы директоры қатысуда. 



Жиында  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұйымға төрағалығы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысы жөнінде баяндады. президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді қолдауының нәтижесінде Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өткенін мәлімдеді.
Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Атап айтқанда, есірткіге қарсы стратегия, экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы және басқа да құжаттар. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі қарқынды дами бастады, – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы шаралардың нәтижесінде ШЫҰ кеңістігіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. 
«ШЫҰ форматын» барынша тартымды ететін бірқатар маңызды жоба іске қосылды. Олардың қатарында «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы мен «ШЫҰ Жібек жолы» бірінші халықаралық музыка фестивалі бар. Сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін 10 туристік аумақ анықталды. Алматы қаласы ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасына айналды, – деді мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде алдыңғы саммитте айтылған барлық мақсат-міндетті толығымен орындады. Сондай-ақ президент еліміздің бастамаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, белсенді атсалысқаны үшін барлық мемлекетке шынайы ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы «Шанхай ондығына» кіретін елдер үшін стратегиялық маңызы бар басты бағыттарға тоқталды.
Қазіргі күрделі ахуал – негізінен халықаралық қатынастар жүйесіндегі дағдарыс салдары. Осы ретте халықаралық құқықтың кемшін тұстарын түзеп, геосаяси тұрғыдан жікке бөлінуге жол бермеу мақсатымен, түптеп келгенде, жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін ШЫҰ өзінің тұрақтандырушы және жасампаздық рөлін күшейтуге тиіс, – деді президент. 
Мемлекет басшысының айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүкіл Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кепіл болатындай айрықша мүмкіндіктерге ие. Ұйымға мүше мемлекеттерге «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» ШЫҰ бастамасын жүзеге асыру дәл осы мақсатпен ұсынылды.