Рауан Кенжехан: “Черчесовтің мәдениеті төмен”
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Қазақстанға қызметке келген кез-келген адам осы елдің мемлекеттік тілін құрметтеуге міндетті. Оны түсінбесе, ол адамның мәдениеті төмен, көргені шамалы деген сөз деп Рауан Кенжехан өз пікірін білдірді. Бұл туралы KazFace.kz. ақпараттық сайтының тілшісіне берген сұқбатында айтты.
Қазақ тілі қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжехан Черчесовтің қазақ тілін келемеждеуі жайлы пікірін білдіріп, оның ісін мәдениетсіздікке балады.
Бұдан бөлек мәжіліс депутаттары Айдарбек Ходжаназаров пен Ермұрат Бапи да бұл тұрғыда өз ойларын білдірген еді. Олар өз сөздерінде Черчесовті қазақ тілін құрметтеуге шақырды.
Депутат Ходжаназаров президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан спорт саясатына қатысты өзгерістерді шетелден келген спортшыларға ғана емес, жаттықтырушыларға да қолдану керек екендігін айтты.
«Жаттықтырушылар да өздері жұмыс істеп жатқан елге құрметпен қарауы тиіс. Олар осы ұлттың бір өкіліне айналғандарын түсініп, осы ұлттың мүддесіне қызмет етуі керек», – деді депутат.
Соднай ақ халық қалаулысы осы тұрғыда спорт министрлігі мен Қазақстан футбол федерациясы келісімге келіп жатқанын айтты. Дегенмен Үкімет мәселеге мән бермесе, депутаттар үнсіз қалмайтынын ескертті.
Депутат Ермұрат Бапиде депутаттар бұл мәселені назардан тыс қалдырмайтындарын жеткізді. Қайткенменде білдей бір ұлттық құраманың бапкері екенін тілге тиек етті.
«Мен Станислав Черчесовті тек өзінің бапкерлік қызметіне ғана емес, Қазақстан Ұлттық құрамасы аталатын командаға да құрметпен қарауға шақырамын. Ол бір жәй клубты емес, Ұлтты құраманы жаттықтыруға келді. Ал ұлттың басты құндылығы – тіл. Тілді құрметте!», – деді депутат.
Айта кетейік, Черчесов журналистермен баспасөз конференциясы кезінде қазақша сұрақ қойған журналистке «Французша сөйлеп тұрсыз ба?» деп сұрап, сынға қалған еді. Бұған дейін де Черчесов қазақша сұрақ қойған журналистке ашуланып “мен өз ана тілім осетин тілінде жауап берсем не болады” деген сөзі үшін басы дауға қалған еді. Содан бері бапкердің айналасын мемлекеттік тіл мәселесі айналшықтап келеді.