Құлпытастағы QR код туралы халық не ойлайды?
Жуықта әлеуметтік желіде зираттағы құлпытасқа QR код қойылған видео кең тарады. Ашық ақпарат көздерінде бұл Астана қаласы маңындағы бейіттер екені анықталды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Аталған QR кодты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы "Қамқор-Шапағат" орталығы енгізіпті. Желіні шулатқан видеоға қатысты Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының баспасөз хатшысы пікір білдірді.
- Жалпы QR - әлемнің дамыған елдерінің бәрінде бар тәжірибе. Мәселен, зират басындағы құлпытасқа QR орнатылады. Осы QR-ға ұялы телефонды жақындатып, өмірден озған азамат туралы толық мәлімет алуға болады. Айталық, қандай адам, нендей қызмет істеген, қандай өнегелі істері бар, қай өңірдің тумасы деген сынды сауалдарға қатысты толық мағлұмат ала аласыз. Осы үшін жасалған дүние. Бұл тәжірибе ретінде елордадағы шамамен 20 зиратта орнатылған, - деді Ағабек Қонарбайұлы.
Әуелде тәжірибе болып басталған дүние қазіргі таңда кең етек жая бастаған. Тіпті, арнайы салттық қызмет көрсету орталығындағы мамандардың айтуынша, әсіресе пандемия кезінде мұндай құлпытастарды орнату сәнге айналыпты.
Жалпы құлпытас орнатар алдында марқұмның жақындары "Қамқор-Шапағат" орталығына жүгінеді екен. Мұнда қайтыс болған адам туралы мәліметтер жинақталып, арнайы домин мен хостинг ашылады. Бір кодтың құны шамамен 15000 теңге. Дегенмен, бейітке QR-ды қашап қоюмен шаруа бітпейді. Оның жыл сайынғы сервистік қызметіне төленетін ақы тағы бар.
Осы орайда, KazFace.kz QR код туралы қарапайым халықтың ойын білу мақсатында сауалнама алды:
- Құдай сақтасын, естімеген елде көп деген. Бұл менің ойымша дұрыс емес. Қазір адамды жерлеу бір сәнге айналған. Бір-бірімен бәсекелесіп, ойына келгендерін істеп жүр, - дейді егде жастағы Гүлнар Тоқтаубек есімді оқырманымыз.
- Қазір дамыған заман ғой. Жалпы заманның ағымына қарай жүру керек. Шариғатта құлпытасқа фото қоюға болмайды дейді ғой. Ал QR тың дүние екен, - деді Алмас Жайлауов.
- Мен бұл нәрсені қолдаймын. Қазір жастар өздерінің жеті атасын білмейді. Ал бұл деген тамаша ғой. Марқұмның өмірі туралы мәліметтің барлығы берілетін болса, кейін оның ұрпақтары QR арқылы білетін болады, - деп пікір білдірді Айсұлу Манарбекқызы.
- Адам өмірден озған соң, оның басына алтын мен күміс қаптасаңда қайтара алмайсың ғой. Бастысы басы үйленіп, құран оқылса болды. Осы күні ауқаттылар бейіт басына үй салғандай әшекейлеп, тіпті, жанына шырша мен гүл егіп қоршап қояды. Оны қойып, жерлейтін жерді алдын ала сатып алып жатырмыз. Енді, міне, бізге QR жетпей тұрып еді, - деп күйінді Оралбек Мажинов.
Заманауи QR код туралы оқырмандарымыздың ойлары осылайша екіге бөлінді. Жастар қолдап жатса, жасы үлкендер наразылық білдірді.
Десе де, марқұмды жерлеу, бейіт басын қоршау мәселесі қоғамда өзекті екенін жоққа шығаруға болмайды. Осыған байланысты Қазақстан діни басқармасы бірыңғай заң шығарып, оны қатаң бақыласа игі еді.