Жаңалықтар

Қазақстанда балалардың 17,5% -ы буллингке ұшырайды

Қазақстанда балалардың 17,5% -ы буллингке ұшырайды

Дильназ МУРЗАГАЛИЕВА

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы өткізген 2022 жылғы ұлттық зерттеу нәтижелерін шығарды, деп хабарлайды KazFace.kz. ҚР денсаулық министрлігіне сілтеме жасап.

Сауалнама мектеп оқушыларының арасында өткізілген. Зерттеудің басты мақсаты оқушылардың өз денсаулығы мен әл-ауқатына қатысты мінез-құлқын бағалау және мониторингілеу болған.

Зерттеу нәтижесі бойынша, Қазақстанда балалардың 17,5% - ы буллингке ұшырайтындығы белгілі болды. Сауалнамаға қатысқан жасөспірімдердің жауаптары бойынша, 6,8% - ы айына 2-3 рет айналасындағылардың тарапынан қорқытуды бастан кешіреді. Оған қоса, 11-15 жастағы балалардың 14,1% - ы өз құрдастарына қатысты буллингке қатысқанын мойындады.

Бұл ретте, сауалнама барысында анықталғандай, ұлдар арасындағы буллингке қатысу көрсеткіштері қыздарға қарағанда жоғары болып шықты.

Қорқыту құрбандарының ең жоғары үлесі 11 жастағы балалар арасында екені анықталды. Бұл көрсеткіш 15 жасқа жақындаған сайын төмендейді.

Айта кетейік, егер өткен жылы 11 жастағы ұлдар мен қыздар арасында буллинг құрбандарының үлесі (кемінде 2-3 рет) 17,7% болса, 2018 жылы - 14% болған. Бұл дегеніміз балалар арасында қорқыту құрбандарының көрсеткіші 3,7% - ға өскенін дәлелдейді.

Қорқытудың алдын алуда ерте араласу өте маңызды, бала зорлық-зомбылықпен жалғыз қалмауы керек. Мұнда мұғалімдердің зейіні мен ұстанымы, ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынастың болуы өте маңызды, - делінген ҚР денсаулық сақтау министрлігінде.

Баланың буллингке ұшырағанының белгілері: назар аудару, зейін қою проблемаларының пайда болуы, депрессия, ашуланшақтық, сенімсіздік сезімі, сезімталдықтың жоғарылауы, асқазанның ауыруы, шаршау, тәбеттің болмауы. Сондай-ақ қорқыныш белгілерінің болуы мүмкін, мысалы, кеуде аймағындағы қысым, терлеу, арқаның ауыруы, бастың артқы жағының, бұлшықеттердің ауыруы, ұйқының бұзылуы.

Еске сала кетейік, бүгінгі таңда елімізде жасөспірімдер мен жастарды қолдау үшін, оның ішінде буллинг мәселелері бойынша жоғары білікті тегін медициналық-психоәлеуметтік және медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 157 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді.