“Мен өзге елде қазақ атын шығаруым керек еді” Майра Мұхамедқызы
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Қазақстанның халық әртісі, танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызы 1994 жылы Қытайдан Қазақстанға оралған қазақ қызы. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жұбайымен бірге елге оралып, қазақ өнерінің шыңдарын бағындыруға бекінген. Ол кезде Майраның өмірі қиын кезеңдермен тұспа-тұс келген екен. Ол орыс тілін білмегендіктен, жергілікті ортаға бейімделу қиын болған. Бірақ, өнерге деген құлшынысы мен табандылығы оны қиындықтарға төтеп беруге күш берді.
ҚР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы ютуб арнасында журналист Дана Нұржігітке сұхбат беріп, шығармашылығы мен өмірі жайлы ашып айтып берді. Майра Мұхамедқызы биыл Республика күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың қолынан халық әртісі атағын алды.
Өмір мен өнердің біртұтастығы
Майра Мұхамедқызының шығармашылығы отыз жыл ішінде түрлі қырынан көрінді. Ол классикалық опералардан бастап, қазақтың халық әндеріне дейінгі жанрларда өнер көрсетті. Атақты композитор Әлібек Днишевтің концерттеріне қатысып, қазақ өнерін әлемге таныту жолында қажырлы еңбек етті. Ол әркез өз ұстаздары мен өнердегі жолдастарының ықпалын ерекше бағалап, өскен ортасын құрметпен еске алады. Өнер жолындағы алғашқы ұстазы Надия Абдрахманова мен Әлібек Днишевтің әсері оның өнерінің негізін қалаған. Ол өнер жолында алған тәлімдері оның дүниеге келуінің мақсаты мен миссиясын анықтағанын айтты.
«Әнші болу, халықтың жүрегінен орын табу. Менің ата-анамның да өнер жолында болғаны үлкен рөл атқарды. Әкем қазақтың композиторы Мұхамед Әбдіқадырұлы, ал анам табиғи тума талант иесі Камал Қуанышқызы болған. Бұл отбасындағы дәстүр мен тәрбие менің музыкалық қабілетімді ашуға негіз болды. Үлкен әжемнің үйінде домбыра да басқа да аспаптардың барлығы болған екен. Атам дін жолында жүрген кісі болғандықтан ауыл ауылды аралап діні ілімді таратып жүретін. Әкемнің отбасында он бала болған. Соның барлығын өнерге баулыған үлкен әжем. Ал, анам жағынан айтар болсам анамның анасы өте сөзге шешен кісі болған. Даусы да керемет болған екен. Анамның да даусы керемет, табиғи тума талант иесі болған. Өмір бойы өнер жолында қызмет еткен. Әкем композитор болса да барлық ауылдың бухгалтері есепші болған. Қазіргі менің есепке деген білімім сол кісіден тараған. Қазақтың мың халық әнін жинақтаған сыбызғы саз деп кітап шығарған. Көптеген әндердің авторы. Анам шырқаған әндердің біразын әкем жазған. Мен туған кезде даусым ерекше қатты шыққан екен. Сол кезде әкем анама айтыпты сенің ізбасарың дүниеге келді деп. Мен өскен сайын барлық мамамның репертуарын жатқа жаттап өстім. Сондықтан да менің дүниеге келген миссиям әнші болу деп есептеймін», - деді өнер иесі сұхбатта.
Өнер иесі жан жары Ақсанның 20 жыл бала көтермегенде қасынан табылып, өнер мен өмірде қолдаушысына айналғанын көзіне жас алып айтты.
«Менің өнер жолыма осы жанды алла тағала өзі қосып берген сыңайлы. Менің жан дүниемді айтқызбай түсінетін өте парасатты адам. Он сегіз жасымда таныстық, қырық жыл біргеміз. Біздің мақсатымыз, арманымыз бір. Өнер болсын спорт болсын бәйгеге тең. Сондықтан екеуміздің өмір жолымыз бен еңбек жолымыз бітеқайнасыпкеткен. Мен оған өте ризамын», - деген жылы сөздерін жұбайына арнады әнші.
Сұхбат барысында елге оралғандағы қызықты оқиғаларымен де бөлісті.
«Ол кездері Қазақстанда coca-cola деген сусын болмаған. Күйеуім Қытайдан лапша мен қызыл банкідегі коланы жәшіктеп жіберіп тұратын. Сол коланы күннің ыстығында тарс етіп ашып ішіп тұрғанымды көрген басқалары мен туралы былай дейді екен. «Анау қытайдан келген қыз қап қара бірдеңені ішіп алып, сыныпқа кіргеннен кейін жоғары ноталарда шыңғыртып ән шырқайды. Қара суында бір мәселе бар деген екен», - деп күліп еске алды ол.
Шымкенттегі опера театры жайлы
Шымкент қаласының мәдени өміріне Майра Мұхамедқызы айтарлықтай әсер етті. Шымкент халқы оны құшақ жая қарсы алыпты. Ол қазірде қаланың өнер әлемінде үлкен өзгерістерге септігін тигізуде. Майраның опера өнерін дамытуға деген талпынысы жаңа жобалармен өріс алуда. Пучинидің "Мадам Батерфляй" операсын қою жоспарлары да осы бағытта жүзеге асуда. Ол сондай-ақ қазақтың батырларына арналған опералар қоюды армандайды.
«Пандемия кезінде жұртпен бірге менде ауырдым. Сол кезде алладан тілеп, дерттен айықсам, тауды қопаратындай болдым. Сөйтіп жақсарып, карантин артта қалған кезде мені жиырма бірінші жылы қаңтарда Шымкеткешақырды. Қызметке кіріскен кезде Домалақ ананың өмірінен шабыт алып опера дайындадық. Идеясын қағаз бетіне жазып, үш айдың ішінде наурыз мерекесіне керемет опера дайындап сахналадық деп еске алды ол. Шымкент халқы «Домалақ ана» операсын өте жақсы қарсы алды. Осы уақытқа дейін елу рет сахналанған екен», - деді Майра Мұхамедқызы.
Майраның отыз жылдық сахналық еңбегі
Майра Мұхамедқызының сахнадағы 30 жылдық еңбегі, оның жан-жақтылығы мен өнерге деген ықыласын дәлелдейді. Ол Абайдың әндерінен бастап, қазақтың халық әндеріне дейінгі кең ауқымды шығармаларды орындайды. Майраның "Домалақ ана" операсы халық арасында ерекше сұранысқа ие болып, бұл қойылымды елу рет сахналауға жетті. Операның қазақ қоғамының дәстүрлері мен өнеріне сай болуы - оның өзектілігі мен көрермендер тарапынан қабылдануына ықпал етті.
«Елу кейіпкерді ашып опера айттым. Жүз қазақтың халық әнін орындаппын. Отыз жылдағы сахнадағы жұмысымды қалай көрсетемін деген ой болды. Қоржындағы әндерімнің қайсын орындаймын деп режиссермен бірге бас қатырдық. Сол кезде Абайдың әнінен бастау керек деген ой келді. Біздің қазақ екенімізді, шамшырақ болған Абай атамызбен бастап, соның әнімен аяқтауды дұрыс деп шештік. Сахнадаға қызымды жетектеп келе жатып әндеткенде мүдіріп басымдағы сәукелемді ұстап қалған сәтім бар. Ол кезде барлық сахналық өнер жолым көз алдымнан өтіп, уақыттың қалай тез өтіп кеткені және анамның ізбасары болып қазақ сахнасында өнер көрсетіп тұрғаным мені толғантып жіберді. Өзегімді өртеп өкіндіргені менің отыз жылдық өнерімді қазақ халқының мойындамауы. Басқалармен салыстырмаймын өзімді, тек халық әртісі марапатына лайық болмадым ба деген өкініш болды. Өз еліме емес өзге де туыстарым сияқты шетелге барып қазақтың атын шығаруым керек пе еді деген ой туындады», - деген пікірін білдірді әнші.
Шетелде танылу және елге қызмет ету
Майра Мұхамедқызының өнері шетелде де жоғары бағаланып, ол бірнеше рет халықаралық сахналарда өнер көрсеткен. Францияда оған өз азаматтықтарын ұсынғанымен, Майра өз еліне қызмет ету мақсатын қойып, Қазақстанда қалуды ұйғарды. Оның өнері мен адамгершілігі көптеген жанкүйерлердің сүйіспеншілігіне бөленген. Майра өз миссиясын әнші болу ғана емес, қазақ өнерін дамыту және оны әлемге таныту деп есептейді.
«Қазақтың бойында музыкаға деген кең ой өрісі бар. Домалақ ананы халық жақсы қарсы алуы оның аналардың абызы екенін түсініп, өнерге бас июі деп түсінеміз. Операда тұнып тұрған біздің ата дәстүріміз бен өнеріміз бар. Домалақ ана операсын қайта қайта келіп көретін көрермендер де бар. Олар домалақ анаға еліктегісі келеді», - деген ойымен бөлісті Майра Мұхамедқызы.
Өзінің шығармашылық өмірінде елу кейіпкерді опера сахнасында ашып, қазақтың халық әндерін шырқаған қазақтың бұлбұл әншісі өнерге деген махаббаты мен құрметін осылайша жеткізді. Оның армандары асқақ мақсаты айқын.