Бұл сиқырлы дүние
Жанұзақ Аязбеков, сыншы, халықарлалық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, журналист, Қостанай өңірінің тумасы. Біздің KazFace.kz. ақпараттық порталында журналист өзінің жерлесі, жазушы әрі аудармашы Абылай Мауданов жайлы тың ойларымен бөлісті.
Абылай Фазылханұлы Мауданов - 1983 жылы 2 сәуірде, Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Көкалат ауылында туған. 2000 жылы осы ауылдағы Албарбөгет орта мектебін бітіріп, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетінің сырттай бөліміне түскен. 2005 жылы аталған оқу орнын тәмамдап шықты.
«Арқалық хабары», облыстық «Қостанай таңы» газетінде тілші болып істеген. «Қазақстан-Қостанай» облыстық телеарнасында редакторлық қызмет атқарды. Қазір қалың жұртшылыққа аудармашы, жазушы, ақын әрі журналист ретінде танымал.
Жанұзақ аға, сіз Абылай Маудановпен әріптес, жерлес ретінде таныс екеніңізді біз жақсы білеміз. Өзіңіздің осы таныстықтарыңыз, жалпы жазушы жайлы ойыңызбен бөлісе кетсеңіз?
Абылайдың шығармашылығымен облыстық телеарнада қызметтес жүрген кезімізден таныспын. Абылай: «Ағай, мына бір дүниеге оқып көріңізші»- деп , алғашқы кезде прозалық жазбасын, кейін өлеңдерін, беріде драмалық туындыларын көрсетіп жүрді.Әлі де солай. Абылай сөзге ұста, аңғарымпаз, сезімтал, ішкі көркемдік қуаты мол екенін сол жылдардан-ақ сезіп едім.
Күндердің күні ойда жоқ жерден Абылай інім менің назарымды көркем аудармаға бұрғызды. Алғашқы кезде бұл өзі Абылайдың бір табыс көзі, жол-жөнекей шабыт шынықтыру, ішкі рухани қабілет-қарымын сынауы болар деген сыңайлы көрінді. Бірақ кейін оның өзі де, мен де аударма деген құдіретті өнердің соңынан қалай томпаңдап ере жөнелгенімізді білмей қалдық-ау.
Абылай Мауданов, өзінің көптеген аударма шығармаларымен оқырмандарды қуантуда. Оның шет елдік авторлардан аударған аудармалары жайлы не айтасыз? Өзіңізді автордың оқырманы деп айта аласыз ба?
Сонымен, енді мен Абылайдың аудармадағы қарекетіне тоқталайын. Лев Толстой, Эрих Распэ, Даниель Дефо, Жюль Верн, Пауло Коэльо. Бағамдасаңыз, бұл төрткүл дүниеге танымал, туындылары небір елдің тәржіма төрінен ойып тұрып орын алған проза баһадүрлері. Бұдан біздің қазақ та кенде емес. Сонау өткен ғасырдан-ақ қазақша сөйлей бастағаны аян еді. Әйтсе де соңғы 2-3 жылда аты аталған қаламгерлерді қайтадан қазақшалағандар әр тұстан бой көрсете бастады.
Солардың қатарында мені елең еткізгені Абылай Маудан.
Абылай Лев Толстойдың балаларға арнап жазған әңгіме, мысал, ертегі, аңыздарының ішінен 40 аударыпты. Сұңғыла жазушының қарапайым шаруа балаларын оқытып, балалардың тіліне лайықтап оқулық кітаптар жазғаны аян. Бір қарағанда небәрі үш-төрт сөйлемнен басталып, бір- екі беттен аспайтын дүниелерді аударудың да түк қиындығы жоқ секілді. Кейбір мысал-ертегілер расымен де сондай. Бірақ мағыналы да айтары бар дүниелер.
Сонымен, кітапты ашып көрейік. Беташар аударма «Тышқандар» деп аталатын ертегі.
Орысшасында: «Стало мышам плохо жить от кота. Что ни день, то двух, трёх заест. Сошлись мыши и стали судить, как бы им от кота спастись. Судили, судили, ничего не могли вздумать»-деп басталады. Абылай мұны былай тәржімалайды: «Еркек мысық тышқандардың тұқымын тұздай құртуға айналды. Күнара екі-үшеуін жеп қояды. Бір күні тышқан біткен жиылып, жалмауыз мысықтан қалай құтылу жайлы кеңес құрды. Бірақ, қанша ойласса да, амалын таба алмады.»
Сөйлемдер әп дегеннен-ақ қазақи түсінікпен өріліп берілгенін аңғарасыз.
«Тұқымын тұздай құртуға»,«жалмауыз мысық»деген тіркестер сюжет динамикасын арттыра түседі. «Вот одна мышка и сказала:»дегенді, қазақша: «Сонда бір тышқан білгішсініп былай деді»- дейді.
Мұнда «білішсініп» деген сөз де оқырманды қызықтыру үшін аудармашы жанынан қосқан. Небәрі үш абзацтан тұратын қысқа әңгіме шып-шымыр тартымды болып шыққан. Толстойдың оймақтай дүниесін оймақтай күйінде бере білген.
Мына бір әңгіменің аты:
«Қасқырлар бөлтірігін қалай баулиды?» Үзіндісін оқиық: «Я поглядел и увидал — по полю бегут два волка: один матёрый, другой молодой. Молодой нёс на спине зарезанного ягнёнка, а зубами держал его за ногу. Матёрый волк бежал позади.»
Ал енді қазақшасы:
«Қарасам, жазықта екі қасқыр жүр: біреуі –құртқасы, екіншісі –бөлтірігі. Бөлтіріктің арқасында тамақталған марқа, аузымен сирағынан тістеп алыпты. Енесі соңынан бүлкектеп барады»
Осындағы біз астын сызған сөздерге қарасаңыз тәржімәшінің ыждаһатты ізденгені бірден байқалады. Компьютердің аудармасынан оқысаңыз мүлдем қарабайыр болып шығады екен.
Лев Толстойдың ең қысқа дүниелерінің бірі, небәрі төрт-ақ сөйлемнен тұратын «Маймыл мен бұршақты» Абылай үш сөйлеммен береді.
Алдымен орысша мәтінді қарайық:
«Обезьяна несла две полные горсти гороху. Выскочила одна горошинка; обезьяна хотела поднять и просыпала двадцать горошинок. Она бросилась поднимать и просыпала все. Тогда она рассердилась, разметала весь горох и убежала».
Мұны: «Маймыл қос уысын толтырып бұршақ әкеле жатты. Жерге түсіп кеткен бір бұршағын ала бергенде, тағы жиырма бұршағын түсіріп алды. Бұған долданған ол бүкіл бұршағын шашып, өзі жүгіріп кете барды» деп қазақшалаған. Бір қарағанда түпнұсқадан аса өзгешелігі жоқ, мағанасын берген секілді. Иә секілді.
Бірақ осы жерде үңіле, бажайлап қарасақ, аудармашы тарапынан мүлт кеткен жері бар. Тұпнұсқада маймыл бір бұршақтан соң, түсіріп алған жиырма бұршақты көтерем деп ұмтылғанда қалғаны түгелімен шашылып қалады. Маймыл содан кейін ашуланады. Ал Абылай маймыл жиырма бұршағына бола бүкіл бұршағын ашуланып шашты деп ашу үдерісін төтелеп жібереді. Бірақ маймылдың ашуы (Абылайша –долдануы) жиырма бұршаққа емес, шашып алған барлық бұршақтан кейін болып тұр. Толстой осы қисынды дәл берген.
«Торғай мен қарлығаштар» әңгімесінде: «воробей не робел, поворачивал голову и чирикал» дегенді Абылайда: «Торғай елемеді, мойнын бұрғыштап, шырылынан танбай отырып алды» Бұл жерде «не робел» жасқанбады, қаймықпады, именбеді дегенді білдіреді, бірақ Абылай «елемеді» дейді, «поворачивал голову» дегенді «мойнын бұрғыштап» деп көз алдыңызға торғайдың шынында да тастай қатпай, мойнын қозғалақтай беретін қалпын береді. Мен айтар едім, аудармашынікі ғалым-орнитологтардың жазбалармен үндеседі. Тіпті Толстойдан гөрі Абылайдікі шындыққа жақын ба деп қаласың. Ал «Филипокты» «Филипжан» -дейді, жүрекке жылы тиетін сәтті аударма!
Тәржімаланған қырық туындыдан байқалатыны - Толстойды Абылай балаларша ұғынған, балаларша сөйлейді, ақырындап баурап еніп, ішіңді жылытады. Бұлай болып шығуына түпнұсқадан тікелей аударылғаны деуге де болар. Дегенменде бұл үзілді-кесілді деуге келмес. Себебі, А.Маудан неміс жазушысы Эрих Распэнің «Мюнхаузеннің басынан кешкендерін» орысшадан қотарған.
Орысша жүз сан рет аударылған Распэнің Абылайдың оң жамбасына келгені –Корней Чуковский нұсқасы болып шықты. Сонымен, бұл тәржіма қалай шыққан? Бұдан алдыңғысын былай қойғанда, осыдан қырық жыл бұрын қазақтың күлкі классигі Оспанхан Әубәкіров аударған нұсқасынан қандай ерекшелігі бар? Абылайдың Чуковскийден аударғаны 38 әңгіме екен. Бәрі де сол танымал, әйгілі шығармалар. Бұл жерде Абылай Толстойға қарағанда Распэге емін-еркін, жайдары, басты кейіпкердің мінез-құлқына сай айшықты да шұрайлы тілін көрсетті.
Хикаялардың басы «Өлсе де өтірік айтпайтын адам» деген атаудың бірінші сөйлемі: «Мұрыны қолағаштай,шынашақтай шағын шал тас пештің жанында бастан кешкен хикаяларын көйтіп отыр» дегеннен-ақ магниттей тартып әкетеді. «Шалыңның айылын жиятын түрі жоқ», «бөркі қазандай болып», Мюнхаузен олардың сөзін шыбын шаққандай құрлы көрмеді» деген сияқты теңеулері жанға жайлы тиеді. Қолдың аясындай да болмайтын шағын дүниелер оқушыны еліктіре түседі де, бірінен соң бірін қаузай бересіз.
Жалпы Абылай Мюнхаузенді сайқымазақ, суайт сері, өркөкірек ретінде оның аузына қазақта бар сондай адамға лайық сөздерді салып, оқырманның жанын бірден баурап алуды мақсат тұтқаны байқалды. Өз сұхбатында аудармашы:«Оспанхан Әубәкіров аудармасында тұрақты тіркестер көп қолданылынған. Бұл қазақ шығармасы секілді.
Оспанхан ағамыз түпнұсқадан да асырып жіберген. Енді уақыт өте келе тіл жаңарды, ұғым жаңарды, сондықтан бұрынғы аудармалар да қазіргі оқырмандарға сай аударылуы керек деп ойлаймын. Мен тілін қарапайым етіп, түпнұсқаны сақтап аударуға тырысты», -депті. Оспанхан ағамыздікін қайтара оқып шықтық. Сауатты, сапалы да құнды тәржіма.
Айталық, манағы Абылайдың аудармасындағы бірінші сөйлемді Ос-ағамыз: «Қоңқақ мұрын кішкентай шал ошақ басына жайғасып алып, өзінің басынан кешкен хикаялары жайлы гулетіп отыр» десе, оның қасындағы лепіргендер: «Ой, қасқа, Жаса, Мюнхаузен! Ал бұл қасқаның олармен ісі жоқ,»- дейді, өзіне тән юмормен. Түпнұсқадағы мәтіннің эмоционалдық күйін («браво, браво») нақты баламасы жоқ сөздерді қазақы таныммен сәтті берген.Сондықтан да қызыға, құмарта оқитыныңыз хақ. Тіпті Абылай айтқандай, «түпнұсқадан асырып жіберген», кей тұста түпнұсқасы қазақша жазылғандай әсер қалдыратыны да рас.
Жазушының аудармалары оқырмандарға оқуға жеңіл, түсінікті тілде жазылғаны анық. Ал, кітап атауларын аударуда қаншалықты дөп түсті екен?!
А. Маудан Распэ әңгімелерінің атауларын да мазмұнына орай ұтымды өзгерткен, оқып көріңіз: «Самый правдивый челоек на земле» - «Өлсе де өтірік айтпайтын адам», « Схватка с медведью» - «Аюды аштан қатырдым», «Один против тысячи» - «Мыңды жалғыз жайпадым», «Встреча с китом» -«Иттей қылған кит», «Куропатка на шомполе» - «Сүмбіменен құр аттым, жетеуін бірдей құлаттым», «Конь на крыше» - «Айқышқа байланған ат».
Қазіргі көркем аудармаға қойылатын талаптың бір парасы : дәлдік, нақтылық. Осы тұрғыдан келгенде Абылай Маудан өзіне тән машық қалыптастырып үлгерді деуге лайық. Оған Д.Дефоның «Робинзон Крузо», Ж.Верннің «Әлемді 80 күнде шарлау» романдарының тәржімасы айғақ. Бұл жерде алдымен айтарымыз - Абылай түпнұсқадағы орысша шұбатылған құрмалас сөйлемдердің нақты мазмұны мен айтар ойын анық беруде едәуір тер төккен. Оны мәтінді терең түсініп алып, қазақшаға аударғанынан байқайсың.
Мысалы: «Всю ночь я проспал крепким сном» - «Түні бойы тұяқ серіппей ұйықтадым», «сорванцы и бездельники» - «сыбай-салтаң , сотқар-сотанақтар»,«исполнять черную работу» - «отымен кіріп, күлімен шықтым», «так боялся снова попасть в плен» - «Аузы күйген үрлеп ішеді», тағы тұтқынға түсуден қорыққандықтан», «Он не взял с меня ни гроша» - «Ол менен соқыр бақыр алған жоқ», «Приготовил из козлятины жаркое и крепкий бульон.» - «Былқылдатып қуырдақ қуырып, кереметтей дәмді етіп сорпа әзірледі», «Вся кровь застыла у меня в жилах: я был уверен, что несчастный свалится мертвым.» - «Төбе шашым тік тұрды, байқұс өледі-ау дедім», «моя грубая куртка» - «Сабалақ-сабалақ бешпент», міне осы сияқты түпнұсқа авторының ойын еселей, айшықтай түседі. Бір қуаныштысы,калькаға, сөзбе-сөз сүрлеуіне түсіп кетпей, әдеттегі штамтан қашқан. Мәтінге ой қосу, оны өзгерту, болмаса алып тастауға бармаған.
Аудармашының мұндай ұнамды ұстанымы Жюль Верннің «Әлемді 80 күнде шарлау» аудармасынан да байқалады. Ой шырайын аша түсу үшін: «Был наездником в цирке» - ат құлағында ойнадым», «Нет ни одной страны, где бы он мог укрыться.» – « әлемде ол тығылатын тесік қалған жоқ», «Легко понять, какое впечатление произвели эти ответы на и без того уже возбуждённое воображение инспектора полиции.» – «Үркіп тұрған жылқыға қиқу салса не жорық, бұл онсыз да күмәнданып тұрған полиция инспекторының күдігін күшейте түскені түсінікті шығар» тағы осы сияқты қазақи өрімдерді қолданған.
Соңғы екі тәржіма – «Робинзон Крузо» мен «Әлемді 80 күнде шарлауға» келгенде Абылай Маудан Толстой мен Распэні аударғандай жеңіл де желпіне қоюды сап тиып, шытырман оқиғалы, дәйек-деректері шаш етектен тұратын ұзақ сонар баяндаудан құралған дүниенің ішкі талаптарын орындауына тура келді. Көркем шығарманы тәржімалаушының да көркем ойлау өресінің жеткенін көрдік. Рас, олқы түскен тұстары да бар. Бірақ тұтастай алғанда, аудармашы талап тұрғысынан шыққан.
«Классикалық шығармаларды 50 жыл сайын қайта аударып отыру керек. Өйткені тіл жаңарады. Бұрынғы аудармада қазір қоғамда қолданылмайтын сөздер болады. Мен аударма барысында қазіргі тілімізге жаңадан енген сөздерді жаздым. Бұл аударманың тілі жеңіл, оңай оқылады», - дейді, тәржіман Абылай. Қисынды пікір.
Біле білгенге көркем аударма бұл бір жаныңды дендеп алар сыйқырлы өнер. Төрткіл дүниедегі рухани байлыққа, тіл, сөз, таным інжу-маржанына кенелесіз. Көркем аударма алдымен рухани күш. Тарлан тартқан Абылай Маудан бұл майданда да алдыңғы шептен көріне беретіндей қуаты бар, оған сенемін.