Жаңалықтар

Бүгін елордада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтіп жатыр

Бүгін елордада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтіп жатыр

Бүгін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтеді. Астанаға бірқатар мемлекеттің басшысы келді. Қазір олар мінген кортеж Тәуелсіздік сарайының алдына келіп тоқтайды. Іші он залға бөлінген ғимараттың Салтанат залында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оларды қарсы алады.

Жоғары деңгейдегі кездесу осы кеңесі шақыру туралы бастаманың 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Және Саммит Қазақстанның төрағалығымен өтеді. Бұл жиында біздің төраға ретіндегі екі жылдық жұмысымыз қорытындыланады.

Бұған дейін кеңеске Түркия, Қытай мен Тәжікстан төрағалық етті. 2014 жылы 4-ші саммит Қытайдың Шанхай қаласында өтсе, 2019 жылы 5-ші Саммит Тәжікстан астанасы Душанбеде ұйымдастырылған.

2020 жылдан бастап Қазақстан Азия кеңесіне қайта төраға болды.

Кеңеске барлығы 50-ге жуық делегация келуі тиіс.

Саммитке Кеңеске мүше мемлекеттермен бірге, байқаушы елдердің, байқаушы ұйымдардың, серіктес ұйымдардың бірінші басшылары, сондай-ақ Қазақстан тарапының қонақтары шақырылды.

Сонымен бірге 6-шы саммитте бұл диалог алаңын халықаралық ұйымға ауыстыру бастамасы көтерілмек.

Құрылған сәттен бастап Азия Кеңесінің құрамы 27 мүше мемлекетке дейін ұлғайып, Азия құрлығының 90% қамтыды.

КЕҢЕС Еуразия құрлығында қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, Азия елдері арасында достық, ынтымақтастық пен өзара тиімді қатынастар құруды мақсат етеді.

КЕҢЕСКЕ МҮШЕ ЕЛДЕРДІҢ ҚАТАРЫНДА: Әзербайжан, Ауғанстан, Бангладеш, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам, Израиль, Иордания, Ирак, Иран, Қазақстан, Камбоджа, Қатар, Корея Республикасы, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Мысыр, Өзбекстан, Пәкістан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Таиланд, Үндістан, Шри-Ланка.

АӨСШК БАҚЫЛАУШЫ МЕМЛЕКЕТТЕРІ: Беларусь, Индонезия, Лаос, Малайзия, Түркіменстан, Филиппин, Украина, АҚШ, Жапония.

Еске салайық, Азия Кеңесін құру туралы бастаманы 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында Қазақстан көтерген.

Азия Кеңесінің саммиті пандемиядан кейінгі кезеңде Қазақстанда ғана емес, жалпы континентте де аса ауқымды сыртқы саяси оқиғалардың біріне айналады деп айтуға болады.

Саммит барысында бірқатар құжат пен шешім қабылдау жоспарланып отыр.

Қызметтің негізгі мақсаты мен бағыты – Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудың көпжақты тәсілін ұсынып, ынтымақты нығайту.

Әсіресе әлемдегі геосаяси ахуал күрделі кезеңде мемлекеттер арасындағы байланысты арттырудың маңызы арта түсті. Алыптар арасындағы сауда соғысы, санкцияның салқыны оған көрші елдерді айналып өтпейтіні белгілі.

Азия кеңесінің алғашқы саммиті 2002 жылы маусым айында Алматыда өткен еді. Одан кейін тараптар әр екі жыл сайын жүздесіп тұрды. Бұл кездесулерде «Терроризмді жою және өркениеттер арасындағы диалогқа жәрдемдесу» туралы Декларация, Жаңа Азия үшін диалогты, сенім мен үйлестіруді нығайту туралы маңызды құжаттар қабылданған.