“Болашақ” бағдарламасының болашағы бар ма?
Әлеуметтік желіде «Болашақ» халықаралық стипендиясына іріктеуге қатысқан Жасұлан Темірбаевтің комиссия мүшелерімен болған сұхбаты қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды KazFace.kz.
Жасұлан комиссия мүшелерінің бірі «Вы разговариваете на русском с акцентом, вы будете позорить Казахстан» деген сөздеріне наразы болып, THREADS желісінде «Орыс тілін білмегенім үшін елімді ұятқа қалдырамын ба?» деген сауал қойған. Оның пікірінше, бұл сөздер негізсіз әрі әділетсіз. Ол ағылшын тілін жетік меңгергенін, бірақ орыс тілінде акцентпен сөйлейтінін мойындайды.
Жасұлан Темірбаев қазақ пен орыс тілінде акцентсіз сөйлеу қажеттігі туралы айтылған пікірді өзіне ауыр қабылдағанын білдірді. Ол кейбір адамдардан «Болашақ» қорында үміткерлер психологиялық тексеруден өтетінін естігенін айтады. Осыдан кейін тіл мәселесіне қатысты айтылған сындар психологиялық сұрақтардан бірі болуы мүмкін деп болжаған. Өз кезегінде Жасұлан комиссия мүшесінің сұрағына
«Ана тілім болмағандықтан кейбір қателіктер болар, бірақ мен ғылыми деңгейде орыс тілінде оқып, аударма жасай аламын», - деп жауап берген.
Одан бөлек Жасұлан комиссия құрамында спорт және медицина саласынан хабарсыз адамдардың отырғанын айтады.
Министрлік бұл сұхбат қорытындысында комиссияның 4 мүшесі үміткерді қолдамағанын хабарлап, оның 2025 жылы қайта қатысуға құқылы екенін растады.
Бұл жағдай туралы белгілі драматург Роза Мұқанова Facebook парақшасында былай деп жазды.
«Бұл сөздің жаны бар. "Болашақ" стипендиясының тамыр-таныстықпен жең ұшынан жалғасып жатқаны рас. Ол бүгін басталған дерт емес, тамыры тереңде, әуелден солай қалыптасқан. Мысалы, 2019 жылы менің қызым НИШ-ті жоғары деңгейде бітірді, ағылшынын 8 баллмен аяқтады, үш тілде сұхбат тапсырды. Бірақ комиссия оны резервке қойды. Ал Венгрия жағынан сол кезде "Болашақтың" конкурсынан өткендер қайтадан қабылданбай қалды. Қызым Гонконгтағы университетке грантқа түсті. "Болашақ" стипендиясы ұлт мүддесіне жұмыс жасамайды, ол шенеуніктер мен байлардың балаларын шет елдерге жібереді, бірақ олардың елге қайтып келіп, қызмет ететініне күмәнім бар. Бұл менің ұлт ретінде, азамат ретінде намысым тапталған мәселе! "Болашақты" реформалау керек және оған қазақ тілді, отаншыл мамандарды тарту қажет деп ойлаймын», - деді ол.