Билік
Пресс-релиз

ТМД үкімет басшылары Ашхабадта бас қосты

ТМД үкімет басшылары Ашхабадта бас қосты

Ашхабадта ТМД үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов қатысып, Достастық елдері арасындағы экономикалық және логистикалық серіктестікті нығайту бойынша бірқатар маңызды бастамалар көтерді, деп хабарлайды KazFace.kz.

Түркменстан астанасында өткен бұл кездесуде тараптар сауда-экономикалық іс-қимылды жандандыру, көлік дәліздерін дамыту және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетіп, өнеркәсіптік кооперацияны арттыру мәселелерін талқылады.

Қазақстан ұкіметінің басшысы өз сөзінде ТМД-ға мүше мемлекеттердің өзара сауда-саттық әлеуеті әлі де толық ашылмай отырғанын атап өтті. Олжас Бектенов тауар айналымын ұлғайту үшін қолданыстағы кедергілерді жою және протекционистік шаралардан бас тарту қажеттігіне назар аударды.

Осы ретте Қазақстан тарапы Достастық аясында қызмет көрсетудің еркін сауда аймағы туралы келісімнің тезірек күшіне енуін толық қолдайтынын білдірді.

Жиынның негізгі тақырыптарының бірі транзиттік дәліздерді дамыту болды. Олжас Бектенов Қазақстанның ТМД кеңістігіндегі логистикалық тізбектерді модернизациялауға дайын екенін жеткізді.

Ол Иран, Түркменстан және Үндістан бағытындағы «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің мүмкіндіктерін кеңейтуді ұсынды. Сонымен қатар шекаралық өткелдердегі кептелісті азайту және құжат айналымын жеделдетіп, инфрақұрылымды цифрландыру үшін заманауи шешімдерді енгізу қажеттігі айтылды.

Премьер-министр ТМД елдерінің географиялық орналасуы жаһандық логистикада басты рөлдердің бірін атқаруға мүмкіндік беретінін, сондықтан инфрақұрылымды бірлесе дамыту уақыт талабы екенін қадап айтты.

Бұдан бөлек, Қазақстан үкіметінің басшысы ТМД елдеріне шикізатқа тәуелділікті азайтып, жоғары технологиялық өндірісті бірлесе дамытуды ұсынды. Бұған қоса, жасанды интеллект, «электронды үкімет» және үлкен деректермен (Big Data) жұмыс істеу саласында тәжірибе алмасудың маңызы зор екеніне тоқталды.

Отырыс барысында тараптар тек экономика емес, гуманитарлық және экологиялық салаларға да басымдық берді. Биыл ТМД-да «Еріктілер қозғалысы жылы» деп жарияланғандықтан, жастар жобаларына ерекше қолдау көрсетілетіні, сондай-ақ климаттың өзгеруіне қарсы бірлескен бағдарламалар жүзеге асырылатыны айтылды.

Жиын қорытындысы бойынша ТМД үкімет басшылары экономикалық және техникалық ынтымақтастықты көздейтін бірнеше маңызды құжаттар пакетіне қол қойды. Келесі отырыс Ресей Федерациясында өтеді деп жоспарлануда.