Жаңалықтар
Пресс-релиз

Almaty Superski жобасы: қоғамдық тыңдауда мамандар тау туризмін дамытудың маңызын айтты

Almaty Superski жобасы: қоғамдық тыңдауда мамандар тау туризмін дамытудың маңызын айтты

Алматыда «Көкжайлау шатқалында Almaty Superski тау курортын салу» жобасына қатысты қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр. Басқосуда сала мамандары мен ғалымдар жобаның экологиялық, туристік және экономикалық тиімділігін жан-жақты талқылады, деп хабарлайды KazFace.kz

Қоғамдық тыңдау барысында сарапшылар тау курортын салу табиғатқа зиян келтіреді деген пікірлерге ғылыми негізде жауап берді. Олардың айтуынша, жоба аясында жүргізілген зерттеулер қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға мүмкіндік беретінін көрсеткен.

Мамандардың сөзінше, жобаны әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе ескерілген. Атап айтқанда, Өзбекстан, Грузия, Қырғызстан және Армения елдеріндегі тау туризмін дамыту үлгілері зерттеліп, тиімді тәжірибелер негізге алынған.

Жиын барысында барлық сұрақтарға жауап беріліп, табиғатты қорғауға қатысты талаптардың толық сақталатыны айтылды. Сарапшылардың пікірінше, Almaty Superski жобасы халықаралық деңгейдегі төрт маусымдық тау инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған. Бұл Алматыдағы туризм саласын жыл он екі ай бойы дамытуға мүмкіндік береді.

Kazakh Tourism Dev. LTD компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған «Шымбұлақ» тау курортының мүмкіндігі шегіне жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын туристер саны артып, инфрақұрылымға түсетін жүктеме көбейіп келеді.

«Алматының бірегей табиғи әлеуетін тиімді пайдалану арқылы туризмді жаңа деңгейге көтеруге болады. Бұл жоба тек туристік бағыт емес, экономикалық және әлеуметтік маңызы бар бастама», – деді Ержан Еркінбаев.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 60 шақырым болатын түрлі деңгейдегі шаңғы трассаларын салу жоспарланған. Сонымен қатар заманауи үлгідегі 17 аспалы көтергіш орнатылады.

Мамандардың пікірінше, жаңа тау курортының іске қосылуы ішкі және шетелдік туристер санын арттырып, қала экономикасына қосымша серпін береді. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындары ашылып, туризм индустриясының дамуына жол ашылады.

Қоғамдық тыңдаулар барысында жобаға қатысты ұсыныстар мен пікірлер тыңдалып, барлық шешім экологиялық талаптарды ескере отырып қабылданатыны айтылды.