Билік
Пресс-релиз

Нұрлыбек Нәлібаев Қостанайда ірі жобалардың жүзеге асу барысымен танысты

Нұрлыбек Нәлібаев Қостанайда ірі жобалардың жүзеге асу барысымен танысты

Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына барып, өңірдегі индустриялық және аграрлық салалардың дамуы мен ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды KazFace.kz

Сапар барысында делегация жылына 70 мың автокөлік шығаруға қауқарлы KIA Qazaqstan автозауытын аралады. Құны 310 млн АҚШ долларын құрайтын жоба аясында 1,5 мыңға дейін жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі уақытта кәсіпорында 800-ге жуық адам еңбек етеді.

Нұрлыбек Нәлібаев сондай-ақ құны 64 млрд теңге болатын «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің құрылысымен танысты. 2027 жылы толық іске қосылатын жоба өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, 500 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Делегация индустриялық аймақта орналасқан KamLitKZ зауытының жұмысын, «Баян Сұлу» компаниясының жаңа кондитерлік кешенін, сондай-ақ газ-химия кешені мен «Ақтөбе – Қостанай» магистральдық газ құбыры жобаларын қарады.

Сонымен қатар өңірде астықты терең өңдеу зауыты мен тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіретін кәсіпорын салу жоспарлары таныстырылды.

Сапар Вание барысында Қостанай теміржол вокзалын жаңғырту, Арқалық әуежайын қалпына келтіру және «Орталық – Батыс» көлік дәлізін дамыту жобаларының жүзеге асу барысы да талқыланды. Арқалықтағы жаңа әуежай терминалының құрылысы 80 пайызға аяқталған.

Тобыл қаласындағы «Астана» шағын ауданында 154 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Қазірдің өзінде 10 үй пайдалануға беріліп, тағы 13 үйді биыл аяқтау көзделуде.

Сапар қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев инвестициялық жобаларды қолдау, экспорттық әлеуетті кеңейту, логистикалық инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй құрылысының сапасын бақылау және алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.