Қазақстанда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысын құру ұсынылды
AMANAT фракциясының депутаты Тілектес Адамбеков Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов атына депутаттық сауал жолдап, «Таза Қазақстан» бастамасын күшейтіп, оны институционалдық деңгейде дамыту жөнінде ұсыныс білдірді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Депутаттың айтуынша, мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жобасы бүгінде еліміздегі ең ірі қоғамдық бастамалардың біріне айналды. Ол тек бір реттік акция емес, қоғамда экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды жоба ретінде қабылдануда.
Тілектес Адамбеков өз сауалында республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Конституциясында табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығы айқын көрсетілгенін атап өтті. Сонымен қатар, үкімет тарапынан 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін еске салды.
Аталған құжат экологиялық жағдайды жақсартуды, инфрақұрылымды дамытуды және халықтың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді.
Осыған байланысты депутат «Таза Қазақстан» қағидаттарын барлық саяси партиялардың бағдарламалары мен жарғыларына енгізуді ұсынды.
«“Таза Қазақстан” саяси идеология емес, барша қоғамды біріктіретін ортақ құндылыққа айналуы тиіс», – делінген депутаттық сауалда.
Сондай-ақ депутат бастаманы іске асыру үшін жалпыұлттық қозғалыс немесе тұрақты жұмыс істейтін штаб құруды ұсынды. Оның пікірінше, бұл жоба қоғамды ортақ мақсат төңірегіне топтастыруға үлкен мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» аясындағы жобалар мен іс-шаралар туралы ақпарат тарату үшін арнайы цифрлық платформалар мен сайттарды іске қосу қажеттігі айтылды.
Тілектес Адамбеков экологиялық акциялардың басым бөлігі көбіне көктем мен күз мезгілдерінде өтетінін атап өтіп, мұндай жобаларды жыл бойы ұйымдастыруды ұсынды. Оның пікірінше, қоқыс жинау, табиғи және тарихи нысандарды түрлі жазулар мен граффитиден тазарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуі қажет.
Сонымен қатар депутат ауыл шаруашылығы қажеттілігі үшін жаңбыр және еріген қар суларын жинау, тазарту және сақтау жүйелерін дамытуды ұсынды.
Сондай-ақ елді мекендер арасындағы автожолдардың бойында көпжылдық ағаштардан тұратын «жасыл дәліздер» қалыптастыру қажеттігін айтты.
Депутаттың пікірінше, мұндай орман белдеулері қыс мезгілінде қар үйінділерінің пайда болуын азайтып, жолдардың жабылу жағдайларын қысқартуға мүмкіндік береді.