Астанада халықаралық AI-фильмдер фестиваліне өтінім қабылдау басталды
Астанада Astana AI Film Festival халықаралық AI-фильмдер байқауына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы елордада өткен баспасөз конференциясында белгілі болды. Байқауға әлемнің түкпір-түкпіріндегі креаторлар aaiff.ai сайты арқылы қатыса алады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Фестиваль бағдарламасы екі бағыттан тұрады: «Өмір сүруге тұрарлық болашақ» тақырыбындағы негізгі секция және режиссура, визуалды тіл, концепция мен кейіпкер номинациялары бойынша ашық секция.
Байқаудың басты талабы – фильмдердің толықтай жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалуы. Қатысушылар ұзақтығы 10 минутқа дейінгі қысқаметражды AI-фильм ұсынып, оны YouTube немесе Google Drive арқылы жүктей алады. Өтінімдер 2026 жылғы 15 тамызға дейін қабылданады.
Фестиваль 2026 жылғы 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Astana AI Week аясында өтеді. Финалистерді халықаралық сарапшылар іріктеп, үздік жұмыстар Астанада көрсетіледі. Жалпы жүлде қоры – 1 миллион АҚШ доллары.
Фестиваль аясында AI-контентке арналған конференциялар, панельдік пікірталастар және pitch-сессиялар ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылар жобаны жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.