Жаңалықтар
Пресс-релиз

Almaty Super Ski жобасының мұздықтарға әсері болмайды

Almaty Super Ski жобасының мұздықтарға әсері болмайды

Алматыда өткен қоғамдық талқылау барысында Almaty Super Ski жобасының экологияға ықпалы жөніндегі ғылыми зерттеулердің нәтижелері таныстырылды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Ержан Күлдеевтің айтуынша, жоба аясында таулы аймақтағы қар жамылғысының жағдайы, қар қоры мен климаттық ерекшеліктер жан-жақты зерттелген, деп хабарлайды KazFace.kz

Маманның сөзінше, соңғы он жыл ішінде қар жамылғысында айтарлықтай өзгерістер байқалмаған. Сонымен қатар жобаның мұздықтарға ықтимал әсері де арнайы қарастырылған.

“Зерттеу нәтижелері бойынша мұздықтар жобаланған аумақтан тыс жерде орналасқан. Сондықтан жобаны жүзеге асыру олардың жағдайына тікелей әсер етпейді”, – деді Ержан Күлдеев.

Сондай-ақ ол құрылыс жұмыстары басталмас бұрын заңнама талаптарына сәйкес археологиялық зерттеу және қазба жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Барлық аумақ толық зерттеліп, тиісті құжаттар рәсімделгеннен кейін ғана құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсат берілмек.

Маманның айтуынша, экологиялық талаптар қатаң сақталып, тұрақты мониторинг жүргізілген жағдайда жобаны іске асыруға мүмкіндік бар.

“Жүргізілген ғылыми зерттеулер табиғатты қорғау талаптары мен тұрақты экологиялық бақылау сақталған жағдайда жобаны жүзеге асыруға болатынын көрсетіп отыр”, – деді ол.