Сұхбат KazFace.kz

Салтанат Қайырбек: “Мейірім болса кәдімгі”

Салтанат Қайырбек: “Мейірім болса кәдімгі”

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Салтанат Қайырбек Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, поэзия жинақтары мен бірнеше кітаптың авторы. Біздің KazFace.kz ақпараттық сайтына берген сұқбатында жазушы өзінің шығармашылығының үзік сырларымен бөлісті.

Салтанат ханым, өзіңіз жайлы таныстыра кетсеңіз? Поэзия әлеміне қалай келдіңіз?

Поэзия әлемінде бала күнімнен жүрген шығармын деп ойлаймын. Жалпы кез-келген бала қоршаған ортамен таныса бастағанда аса әсемпаз, шын патриот, кең пейілді, аңғал болады. Уақыт өте келе сол аңғалдық бірте-бірте басылып, материалдық өмірге бейімделіп, жоғарғы аталғандардың азы ғана қалады. Роберт Грейвс деген қаламгердің “Поэзияда ақша жоқ, және ақшада поэзия жоқ” деген сөзі бар. Бұл жерде біз тек тура мағынасын емес, астарлай түсінуге тырыссақ, қалам ұшталған сайын, таным тереңдеп, талғам өскен сайын, поэзияның үлкен табыс көзіне айналуын күтпеуіміз қажет. Себебі ол екеуі бір-бірінің көрсеткіші бола алмайды.

Мен өмірде бәрнеше рет жол апатына түстім, қаншама күйзелістен өттім, қалыптаспай жатып тұрмысқа шықтым,  осының бәрінде жаныма қуат беріп,  көңілімді құлдыратпай тұрған бірден-бір құбылыс - ол поэзия.

Бала күнімде, 5 жасым болса керек,  домбыра үйірмесіне барғанда стендте “Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады, таза мінсіз асыл сөз ой түбінле жатады. Таза мінсіз асыл тас жел толқыса шығады, Таза мінсіз асыл сөз шер толқыса шығады” деп жазылып тұратын. Сол кезде мен де осындай ой жаза алсам ғой деп армандадым. Және сол арманымды жиі ойлай беретінмін. Сонысына қарағанда поэзияға деген қызығушылық бала кезімнен пайда болып, өмір бойы өзіммен бірге келе жатқан сияқты.

Ұстазыңыз не болмаса наставнигіңіз бар ма?

Поэзияда өзім құрметтеп, үлгі тұтатын шығармалар баршылық. Әдемі, терең өлеңнің өзі әжептәуір ұстаз. Ал жалпы поэзияда сыйласатын қаламгерлерді атамағанда, ұстазым бар деп айта алмаймын. Жалпы қаламгерлік, оның жолы елімізде бір ізге қойылмаған. Сол үшін де көптеген қаламгерлер жазбай кетеді. Оның психологиялық, әлеуметтік аспектілерін оқып, білетін болса жазарманға әлдеқайда оңай болар еді. Айтпақшы, жуырда қалыптасушы қаламгерлерге арналған авторлық әдістемелік-блокнотым жарыққа шықпақ. Сондай-ақ 10 жыл бойы поэзияның ішкі құрылымы мен жоғарыда аталған аспектілер қамтылған авторлық курсым да басталмақ. Оны Қарағанды Жастар Саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асырмақпын. Егер менің студент кезімде осынша білімді бір қайнардан алуға болатын болғанда қаншама олқылықтарға жол бермей, шығармашылық уақытымды тиімді жұмсаған болар едім. 

Қыркүйек айында Қарағанды қаласында оффлайн қтетін бұл мастер-класс келешекте онлай форматқа бейімделеді деп жоспарлануда.

Шығармаларыңызға шабыт берген ерекше жағдайлар болды ма?

Иә, осыдан 4 жыл бұрын Элиф Шафактың “Сорок правил любви” деген кітабын қатты ұнаттым. Тіпті соның әсерімен Түркиядағы Конья қаласына да барып келдім. Өзіме көп тақырып пен теңеулер аштым.

“Мейірім болса кәдімгі” атты кітабыңыз шықты. Сол кітабыңыз жайлы толығырақ айтып берсеңіз?

Кітап аудио форматында жарияланды. Оған лирикалық, философиялық өлеңдерім енді. Аудионың музыкалық фонында досым, композитор Ербол Нариманұлының авторлық әуендері. Литрес әдеби порталында сатылымда бар. Аудиода өз даусым. Жақсы пікірлер айтылуда. Бізді сол қанаттандырады ғой. Тыңдап, бағасын беріңіздер!

Өзіңіз қандай авторларды оқығанды жақсы көресіз? Қандай жанр ұнайды?

Бұл сұраққа нақты жауап беру қаншалықты қисынды болар екен? Бір жылдары шығыс поэзиясына ден қойдым, бір жылдары ақ өлеңдер, хайку өлеңдерге қызықтым. Қазір фейсбукте өлеңдерін жиі жариялап тұратын, өздері де бізді бақылап отыратын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Светқали Нұржан, Сұраған Рақметұлы… 

Сондай-ақ орыс поэзиясының бүгінгі көрнекті өкілі Вера Полозкова сияқтылар, қара өлең жазып жүрген біраз замандастарымды, ал ақ өлеңнің айрықша өкілі Сұлтанқожа Айжарықты атар едім. Ал қазақстандық поэзиядан Қарағанды қаласындағы тәуелсіз “Stellar” әдеби клубы резиденттерінің өлеңдерін айтар едім.

Сондай ақ , оқырманға айтар кеңесіңіз болса? Кітап оқуға деген қызығушылықты қалай арттыруға болады?

Америкалық Одри Лордтың тамаша  сөзі бар: әйел үшін поэзия — роскошь емес. Ол өмірлік қажеттілік. Ол - сезімдерімізді, күйімізді сөзге, сөзді идеяға, идеяны іс-әрекетке айналдығатын, атауы жоқ, көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын құбылыстарды атап, өзімізге түсінікті етеді және сол күйге қайта оралып отыруға мүмкіндік береді.  Бұл дегеніміз қаншама психологқа баруды алмастыратын жанның еңбегі емес пе? Өз жан-дүниеңе сауал қою арқылы, өзіңді сөйлете алу әр сауатты әйелдің бағалы қасиеті деп білемін. Сондықтан кітап оқу да осындай қажеттіліктерге жататыеы анық. Сөздің жұтаң, дүниетанымның таяз болуы осы кітапқа деген өшпенділіктен басталады деп ойлаймын.  

Болашақта өзіңіздің шығармаларыңызда қандай тақырыптарды көтергіңіз келеді?

“Ең жақсы қаламгер - өз заманын сипаттай білген қаламгер” деген пікір бар. Абстрактілі, пафостық поэзиядан гөрі, қазіргі өмір мен қоғамнан, осы заманның адамынан, махаббатынан хабар беретін өлеңдер жазсам деймін.