Сұхбат KazFace.kz

Тығылмақ ойнамайтын ақын

Тығылмақ ойнамайтын ақын

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Дәулет Жадырасын  25 жасар Қызылордалық ақын. Жас ақын жан тебірентерлік өлең жолдарын өзінің әлеуметтік желісінде бөлісіп,  оқырмандарына паш етуде. Оның  өз оқырманы, тыңдаушылары бар.

Даулет 1999 жылы, Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Кәукей ауылында дүниеге келген. Республикалық, облыстық, қалалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Есенғали Раушанов атындағы әдеби сыйлықтың иегері.

Ақынның жыр жазуға деген қызығушылығы қайдан туды? Өлең тудыруға кім түрткі болды? Біздің ақпараттық сайтқа берген сұқбатында Даулет барлығын ашып айтты.

Ақындар сезімтал,  жүректері нәзік келеді. Әлемді жан сүзгісінен өткізеді. Тіпті ерекше жандар десек болады. Он адам көк түсті қалам көрсе, ақын жаны жасыл дер деген түсінік бар. Даулет, сіз бұған не дейсіз?

Алдымен сұқбатқа шақырғаныңызға рақмет! Өзімді көп адамнан ерекшелегім келмейді. Алайда кез келген жайтты тереңірек сезіну, болжау, кез келген жанның жүрек түкпіріне бойлау ақындарға ғана емес, барлық өнер адамдарына тән қасиет. Бойыңда мұндай қасиет болмаса, өнерде, өлеңде өз ізіңді қалдыру мүмкін емес деп ойлаймын.

Ең алғаш өлең жазуға не түрткі болды? Эстрада жұлдыздары үшін ән жазып, тыңдармандарға паш ету жоспарда бар ма?

Ең алғаш өлеңім шамамен 2-3 сынып оқып жүрген кезде қазір өзім тұрып жатқан елордамыз Астанаға арнап жазылды. Әрине, бұл еркіммен емес, мұғалімнің тапсырмасы болатын. Әншілерге келетін болсам, көбіне өзіме ұнаған әуендерге өлең жазып беремін.

Ақындық жолға салып, жөн сілтеген ұстазыңыз бар ма? Әлде әдебиет әлемінде еліктеген кумиріңіз?

Мектеп оқып жүргенде бір өлеңім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәкен Қабыловтың түзетуімен «Ұлан» газетіне шыққаны есімде. Бірер іс-шаралар мен байқауларға қатысып жыр оқығаным болмаса, өлеңмен «ауырмайтын» шақтар еді. Ол кезде бойдағы өнерге тым салғырт қарадым. Соған сәйкес әдебиет жайлы әңгімелер аз болатын. Кейін Қостанай өлкесіне студент болып барғанда небір марғасқа ағалар қарсы алып, әдеби ортаға қосты. Сол орта мені біраз ізденіске жетелеп, шын өлеңнің не екендігін ұғынуға көмектесті.

Жалпы ештеңенің «тұрақты» фанаты емеспін. Бірақ қайта айналып келіп, өлеңдерін оқығым келе беретін қазақ поэзиясының жарық жұлдыздары баршылық. Қазір жан тебіренісін қағаз бетіне кітап қылып басып, не болмаса блог түрінде әлеуметтік желіде ашық бөлісу қалыпты құбылыс. Сіздің өлеңдеріңіз  де өзіңіздің бастан кешкен өмірлік сәттерден алынған ба?

Әрине, қаламгерлерге бір оқиғаны жазу үшін бастан өткеру керек деген шарт жоқ. Шын дарын сол оқиға кейіпкерлеріне айнала біледі. Менің өлеңдерімнің басым көпшілігі өз өмірімнен алынған. Шынайы дүниені қағазға түсіру жаныңа рахат сыйлайды және оқырманның жүрегіне жететіні де ақиқат.

Жақында «Тығылмақ ойнамаймын» атты авторлық өлеңдер жинағыңыз жарыққа шыққанын естідік. Өзіңіздің төл туындыңыз жайлы толығырақ айтып өтсеңіз. Оқырманға жол тартқан жыр жинақ жоспарда бар ма еді?

Жинақ шығару көптен бері ойда жүрген шаруа болатын. Өлеңдерді сараптап, ең жақсыларын біріктіріп кітапқа енгізу авторға үлкен жауапкершілік артады. Осыған және әлеуметтік жағдайларға байланысты бірнеше жыл өзімді шектей тұруға тура келді. Осы жылы жанашыр аға, Қостанай облыстық мәслихатының төрағасы Сайлаубек Есжановтың демеушілік қолдауымен тұңғыш кітабым «Үш қиян» баспасынан жарық көрді. Бұл тұрғыда Сайлаубек Ерғазыұлының өнерді, оның ішінде өлеңді қадірлейтін тұлға екендігін айтпай кетуге болмас. Аға бірде мені кабинетіне шақырып, «Мұқағали секілді бір дарынды сақтап қалсам» деп лебізін білдірген еді. Бүгінде билік өкілдерінің әдебиетке жақындығы сирек жағдай екендігі шындық. «Тығылмақ ойнамаймын» кітабының алғашқы беті Сайлаубек ағамызға арналған ақ пейілмен басталады.

Кітап басылып шығарылды. Қазір электронды нұсқасы не болмаса оқырмандар үшін ақпарат болсын кітапты қайдан сатып алуға болады?

Кітапты оқырмандарға барынша қолжетімді қылуға күш салдық. Қазір «Kaspi.kz» қосымшасында сатылымда тұр. Сондай-ақ Астана, Алматы, Қызылорда, Шымкент, Түркістан, Ақтөбе, Семей, Ұлытау, Қостанай қалаларына жеткізілді.

Алдағы шығармашылық жоспарларыңыз қандай?

Кітап шығарудағы бір мақсат – осы кезге дейінгі жазған жырлардың басын біріктіру және жаңа бір кезеңге аяқ басу. Алдағы уақытта көлемді тақырыптар мен жанрларға барсам деген мақсатым бар. Келесі шығатын кітап өткеннен де өзекті, өзгеше болғанын қалаймын.