Еңбек жолын медицинаға арнаған Гульнара Абдрахманова
Жұлдыз ОРАЗХАН
Ордабасы ауданының Ақжол ауылында 29 жыл бойы медицина саласында аянбай еңбек етіп келе жатқан фельдшер Гульнара Абдрахманова – өз ісіне жан-тәнімен берілген жан. Білікті фельдшер үшін медицина – тек мамандық емес, өмірлік миссия. Біздің кейіпкеріміз мамандығының жауапкершілігі және ауыл медицинасының өткені мен бүгіні туралы KazFace.kz тілшісіне сұхбат берді.
- Өз кәсібіңізге қалай келдіңіз? Медицина саласына деген қызығушылығыңыз неден басталды?
Бала күнімде үйдің жанында жеңгеміз тұратын, өзі медик еді. Біріміз ауырсақ, сол кісі келіп укол салып, ем жасайтын. Жеңгеме қарап, «мен де адамдарға осылай көмектескім келеді» деген ой қалыптасты. Мектеп бітірген соң еш ойланбастан медицина мамандығын таңдадым. 1996 жылдан бері осы саланың бел ортасында жұмыс істеп келемін.
- Еңбек жолыңызды қай жерде бастадыныз? Және қазір қай жерде, қандай лауазымда қызмет атқарасыз?
Алғашқы қызметімді Шымкент қаласындағы №2 қалалық аурухананың жан сақтау бөлімінде бастадым. Ол бөлімде жұмыс істеу оңай болған жоқ, медицинаға алғашқы қадамым еді. Бірақ алдынғы буын, тәжірибелі әріптестерімнің көмегімен көп нәрсені үйрендім, практикалық ілім жинадым. Кейін жолдасымды кездестіріп, тұрмыс құрып, Ордабасы ауданының Ақжол ауылына фельдшер болып келдім. 1997 жылдан бері осы ауылдың медициналық пунктінде қызмет етіп келемін.
- Күнделікті жұмысыңыз қалай өтеді? Ауыл тұрғындарының денсаулығын қадағалау барысында қандай қиындықтар мен жауапкершіліктер жиі кездеседі?
Таңертең жұмысқа келген соң алдымен тазалық жұмыстары жүргізіледі. Содан кейін анализ қабылдап, базаға енгіземіз. Пациенттерді қабылдау, балаларды жоспарлы екпе егуге шақыру, жүкті және босанған әйелдерге, 1 жасқа дейінгі балаларға патронаж жасау – біздің күнделікті міндетіміз. Жаңа туған нәрестелер мен аналар бастапқы уақытта әлсіз болғандықтан кез-келген уақытта ауырып қалуы мүмкін, сондықтан біз олармен тәулік бойы байланыстамыз. Диспансерлік есептегі пациенттердің жағдайын бақылап, дәрілерін уақытылы қабылдауын қадағалаймыз. Қажет болған жағдайда үйлеріне барып, емін жалғастырамыз.
- Осы тұста сұрайын дегенім ауылдық жерлерде медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек тапшылығы сезіле ме? Мұндай жағдайда сіздер қалай амалдайсыздар?
Мен қызметке алғаш келген жылдары ауылда қажетті құрал-жабдықтар аз болатын. Бірақ біз ешқашан қол қусырып отырмадық. Күн болсын, түн болсын шақырту түссе де, науқасты қарап, қажет болса, аудандық ауруханаға өзіміз жеткізетінбіз. Ол кезде көлік те сирек, жол да нашар еді. Бірақ бастысы – науқастың өмірі. Бүгінде ауылдық медициналық пункт заман талабына сай жаңартылып, жаңа ғимарат салынды. Қажетті құрылғылармен жабдықталып, дәрі-дәрмектермен уақытылы толықтырылып тұрады. Дәрігерлер мен фельдшерлердің жұмысы едәуір жеңілдегенімен, жауапкершілік бұрынғыдай жоғары.
- Сіз еңбек жолыңызды Шымкент қаласындағы қалалық ауруханада бастадым дедіңіз, мейірбике қызметінің қаладағыдан қандай айырмашылығы бар деп ойлайсыз?
Ауылдағы учаскелік жұмыспен қаладағы стационарлық жансақтау бөлімінің айырмашылығы – жер мен көктей. Бұрын қалада жүргенде бір күнде бір сменаға ғана жауап беретінбіз. Ал қазір бір ауылдық учаскенің өзінде 1724 адам тіркелген. Бұл – 1724 түрлі адам, 1724 түрлі мінез. Бірі түсіністікпен қараса, ал бірі түсінбей жатады. Әр скринингке шақырған сайын не үшін шақырып жатқанымызды, не үшін анализ тапсыру қажет екенін егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Халықпен тіл табысып, сыйласа білу – медицина қызметкерінің ең басты шеберлігі деп білемін.
- Тұрғындардың саулығын сақтау жолында қандай жағдай есіңізде қатты сақталды?
Медицина саласында жүрген соң қиындық та, қызық та қатар жүреді. Есімде ерекше сақталған бір оқиға бар. Учаскемізде 640 грамм болып туған нәресте болды. Кішкентай балапан салмағы 1 келі 800 грамға жеткенше ауруханада қарауда жатып шықты. Шыққан соң біздің участкінің үздіксіз қарауында өсті. Бәріміз ала сапыран болып, алаңдап барынша мейірімімізбен, махаббатымызбен өсірдік. Кейінірек бүлдіршініміз қатарластарымен теңбе-тең өсті. Бүгінгі күні Латифа атты сұлуымыз 8 жаста.
- Болашақта ауыл медицинасының дамуы үшін не өзгерту керек деп ойлайсыз?
Қазір ауыл медицинасында көп жаңалық бар. Жылжымалы диагностикалық автобустар жиі келіп тұрады. Ішінде хирург, ЛОР, гинеколог, окулист сияқты мамандар толық құрамда қызмет көрсетеді. Флюорография, УДЗ – барлығы қолжетімді. Мемлекет тарапынан қолдау күшейіп келеді. Ең бастысы – осы даму қарқыны тоқтамаса екен дейміз.
- Тәжірибелі фельдшер ретінде медицина қызметкерінде болу керек басты қасиеттерді атап өтсеңіз?
Бірінші кезекте– тазалық пен сыпайылық. Әр адамға құрметпен қарау, өз ісіңе адал болу маңызды. Медицина қызметкері әрқашан жинақы, мейірімді және сабырлы болуы керек.
«Медицина – бұл жай ғана жұмыс емес, бұл – мейірім мен жауапкершіліктің үйлесімі. Адамның жанын да, тәнін де емдеу үшін ең алдымен жүрек керек.»- дейді Ақжол ауылының медицинасының жүрегі фельдшер Гульнара Абдрахманова.