Авторлар блогы

“Дәу-баланың” төл туындысы

“Дәу-баланың” төл туындысы

Анаргүл ШАЛҒЫНБАЙ 

Дәу бала, жыр жинағың қолыма ертерек түскенімен,  тұщынып оқып шығуға бір мүмкіндігім болмай жүр еді. Бүгін соның орайы түсіп отыр екен.  Алдымен айтарым, жүрегіңді жарып шыққан тұңғыш жыр жинағың құтты болсын! «Жаңылыс» деген өлеңіңнің шумағында былай дейсің: 

Екіжүзді елестерге күйгесін, 
Жанарымнан жалықтым. 
Көл бетіне түскен айдың бейнесін, 
Ай екен деп қалыппын.

Қандай, ұтымды ой?! Ұйқас қуып қиналмай-ақ, ақ қағаздың бетіне төгіле салған, өмірдің шынайы өрнегін бере салған, неткен шеберлік?.... 

Телегей-теңіз білім мен биік парасат иесі екенін, ақын қайыным, сюжеттік өлеңдерінде көп байқатады. Оқырманын балалық шаққа бір жетелеп апарып, терең өксітіп, кейін жұбатады. Бәрі көз алдыңыздан тізбектеліп өтетіндей сезіммен, шынайы күймен көмкерілген. Өзіңнің паспорт өлеңің «Тығылмақ» мәселен:

Айналып кетті арманым алдамшыға, 
Іздегенім келмеді «барлаушыға». 
Тығылмақта жоғалған балалармен, 
Балалығым тығылып қалды-ау, сірә.

Қол сілтегім келеді деп:«Құрысын!» 
Көп нәрседен құр қалып кетті уысым. 
Жасырынар жер таппай қалғаныма, 
Көр ішіне тығылды көп туысым.

Шырылдайтын жабырқау жүрегім-ай, 
Тығылмайтын достардың керегін-ай. 
Тығылмақ ойнап жүр ме әлде бізбен? 
Тығылып көрінбейді неге Құдай?

Үмітімді үзгенмін келмес күннен, 
Ғажайыпқа ендігі сенбеспін мен. 
Тығылып түн ішінде өлең жазам, 
Тығылмақ ойнамаймын енді ешкімнен.

Үрейленем көз жұмып қала берсем, 
Арман жоқ, жарық Күнге қарап өлсең. 
Тығылып бір бұрышта жылап алам, 
Тығылмақ ойнап жүрген бала көрсем.

Бұндай шумақтардан соң, сезімсіз жандар ғана көз жасына ерік бермейтін шығар. Көп жерде оқығаныңды байқадым. Иықтары дірілдеп, ыстық жасын жұтынып, ұйып тыңдап отырған тыңдармандарыңды көрдім. Осы өлеңіңді Жәкесінің шаңырағында (яғни біздің үйде) оқып беріп едің. Қайнап жатқан шайымның тасып - төгіліп жатқанын сезбей қалыппын. Сол түні қонақтар кеткен соң, Жәкесімен өлең жайлы сыр толғап, екеуіміз отырып тағы шай іштік. Жәкең арқаны кеңге салып, ізінен ерген інісіне мол сенім артатынын ерекше мақтанышпен айтты. Көзінде үлкен үміт, сенім оты жарқ етіп, толқып отырды. Араларыңдағы жер мен руға бөлінбейтін, өнердегі бауырмалдықтарыңа ризамын. 

Дәу баланы,(Дәулет Жадырасын) еркелетіп үлкен ақын болсын деген ниетпен солай ырымдап ат қойып едім. Өзі аңқылдап, кіші пейілдігімен сырт көзге жұмсақ көрінеді. Ал, жырларына еніп кетсең, білім дәрежесі, биік интеллектуалды, биік парасатты адам ретінде бір мысқал шек келтіре алмайсыз. Әдеби ортада өзіндік иірімдерімен, сюжеттік шумақтармен оқырманды өзіне баурап алатын ерекше қасиетін, өлеңді талғап оқитын көзі қарақты оқырмандар біліп отыр. Қазалының қара баласы топ жарып жүре берсін деген тілектеміз. Шығарма кейіпкерлерінің өмірдегі оқиғаларға негізделіп кескінделетіні жаныңа шуақ сыйлайды. Болмысын біреуге қатты ұқсатып, өтірік оқиға құрамайтыны ұнайды. Ал, шынында осы жас ақынмен қатарлас қаламдастары, ойын бұрмалап, шумақтарын әрлеп, тереңдетіп, ақыр соңы шынайылыққа ұйқаспай қалатыны бар. 

Поэзияның деңгейі, көпірме өлеңді су бетіне көбікше шығара қоятынын білу керек көп жастар. Қазақтың сағы сынбай тұрған кездегі мінезін қайтарыңдаршы. Сондай бір өрлікті көргіміз келеді. Дәу бала да, бұл мінездер бар, ауылды суреттей келіп, соңы кең даланы аңсап, жер тарпып тұрған жүйрік ойға бірақ жетелейді. Ешқандай әсіре сөзбен баурамайды, сюжеттік сырлы өлеңдерін оқып алып, толқисыз, тебіренесіз, ішіңізді босатып жылайсыз. Өлең деген құдырет, міне, осындай болу керек! 

Қазақтың қоңыр тірлігінен, тірнектеп, жинап, теріп, сезініп, жыр өріп жүрген көңіліңнен, жүрегіңнен айналайын! Әлдеқандай әдебиеттанушы емеспін. Бірақ, өлеңге бей-жай қарамайтын оқырман жеңгеңмін.

Қостанай жерінде алғаш кітабыңның тұсау кесерін жасадың. Арасында болдық, ерекше сезіммен демалып қайтқан жайымыз бар. Бұл да бір сенің кісілігің, кішілігің. Осы жерде де саған демеу болған, рухыңды қайраған ағаларың баршылық. Ұлттың ұлы ұстаздары шыққан киелі жердің таланттарынан бата алып, басыңды иіп кеттің. 

Өлеңде ғана ойдың ұшқырлығын көрсетпейтіңді, осы қадамыңнан- ақ байқаттың. Жаза түссек, айтылар ой толассыз. Шаңырақ көтеріп, менің сіңілімнің қорғаны болайын деп жатыр екенсің. Бақытты болыңдар! Мәселе, жер мен руда емес. Әкемнің «Руласың емес, рухтасың туыс» деген тәмсілі құлағымда жаңғырып тұрады. Саған рухтас ағаң - жеңгең боп жүре берейік. Қаламың мұқалмасын, алтын қайыным!