Буллингке тосқауыл: ата-ана мен мектеп не істей алады?

Бүгінде балалар арасындағы буллинг пен суицид мәселесі Қазақстанның барлық өңірінде өзекті күйінде қалып отыр. Ресми ақпаратқа сүйенсек, әрбір бесінші бала буллингке ұшырайтын көрінеді. Бұл туралы Білім беру министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова Qogam News арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды KazFace.kz тілшісі.
Оның айтуынша, соңғы жылдары мемлекет бұл бағытта нақты құқықтық және психологиялық қолдау жүйесін қалыптастырған. Өткен жылдан бастап буллингке қатысты әкімшілік жауапкершілік заңмен қарастырылады. Ал биылғы сегіз айда 237 іс тіркеліп, 131 ата-ана жауапкершілікке тартылған. Бұл көрсеткіш қоғамда балалардың құқығын қорғау тетіктері жұмыс істей бастағанын көрсетеді.
Маманның айтуынша, буллинг бір күнде пайда болатын жағдай емес, ол уақыт өте тереңдей түседі. Сондықтан мұндай жағдайға бейжай қарамай, оны ерте анықтау өте маңызды. Көп жағдайда мұғалімдер мен ата-аналар баланың мінез-құлқындағы өзгерісті байқаса да, мән бермей жатады.
«Баланың көңіл-күйін түсіну, оны тыңдай білу – кез келген психолог жұмысының бастауы. Егер ата-ана баласының мәселесін өз бетінше шеше алмаса, мектеп психологтарының көмегіне жүгінуі қажет. Қазір ел бойынша 8 мыңға жуық педагог-психолог жұмыс істейді, әр мектепте маман бар», дейді ол.
Алайда ата-аналардың кейбірі әлі күнге дейін баласын психологқа апаруға ұялады немесе қорқады. Насымжан Оспанова бұл – қате көзқарас екенін айтады. Психолог баланың «жаман тарихын» қалыптастырмайды, керісінше, оның күйзелісін жеңуге көмектеседі. Сондықтан ата-аналарға ең бастысы – баланың жанайқайын естуге рұқсат беру.
UNICEF Қазақстан жүргізген зерттеу мәліметтері бойынша, балалардың 17 пайызының психикалық жағдайы төмен, ал олардың басым бөлігі өздерін жалғыз сезінеді. Зерттеу нәтижесінде балалардың 70 пайыздан астамы эмоционалды қиындықтарын ата-аналармен қарым-қатынасқа байланысты деп көрсеткен.Бұл – ата-ананың баласына деген шамадан тыс талаптары, үмітінің тым жоғары болуы немесе қарапайым жылы сөздің жетіспеуі секілді факторлармен байланысты.
Оспанованың айтуынша, кейде сырт көзге «бақытты» көрінетін толық отбасылардың өзінде бала өзін түсінбегенін сезіп, ауыр ойға кетеді.
«Осындай сәттерде баламен ашық сөйлесу өте маңызды. Ересектер үшін ұсақ көрінетін мәселе, баланың өміріндегі ең үлкен проблема болуы мүмкін», – дейді маман.
Қазір Қазақстанда әр өңірде балалар мен ата-аналарға арналған психологиялық көмек орталықтары жұмыс істейді. Олар заманауи құралдармен жабдықталып, жедел әрекет етуге арналған автокөліктермен қамтамасыз етілген.
Егер ата-ана мектеп психологына баруға ыңғайсызданса, өз аймағындағы орталыққа немесе 111 нөмірі арқылы сенім телефонына хабарласуға болады. Барлық қызмет құпия түрде көрсетіледі.
Тек соңғы жылы ғана бұл желілерге 100 мыңнан астам қоңырау түскен. Соның ішінде 35 баланың өмірі сақталып, 12 мың балаға нақты психологиялық көмек көрсетілген, ал 8 мың ата-ана мамандармен кеңес алған. Бұл жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Қазір буллинг тек мектеп қабырғасында емес, интернет кеңістігінде де өршіп отыр. Сондықтан онлайн ортада қорлау немесе кибербуллинг анықталған жағдайда да заң жүзінде жаза қарастырылған. Мұндай жағдайда айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді.
Маманның айтуынша, бұл шара тек жазалау емес, ата-аналар мен қоғамды жауапкершілікке шақыру құралы. Егер балаға қауіп төнсе немесе оның намысы тапталса, азаматтар 111 нөміріне хабарласып, тиісті органдарға бірден шағымдана алады.
Балалар арасындағы әлімжеттіктің алдын алу үшін елімізде «Дос болайық» атты жаңа антибуллинг бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Оның мақсаты – мектептерде мейірімділік пен өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыру.
Бағдарлама аясында психологтар саны көбейіп, жаңа әдістемелер енгізілген. Мектептерде сенім жәшіктері орнатылып, оқушылар аноним түрде көмек сұрай алады. Бұл тәсіл көптеген қиындықтың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр.
Насымжан Оспанованың айтуынша, басты мақсат бала өзін тыңдайтын және түсінетін қоғамда өмір сүріп жатқанын сезінуі.
«Баланы тек қорғау емес, оны тыңдай білу ең маңызды қадам. Әр ата-ана мен мұғалім осыны түсінсе, біз көптеген қиындықтың алдын аламыз», – деп қорытындылады ол.