Сұхбат KazFace.kz

Қазақстанда нейрохирургия жаңа деңгейге шықты

Қазақстанда нейрохирургия жаңа деңгейге шықты

Тамирис ӘБДІЛДИНА

ҚР ПІБ МО Ауруханасының нейрохирургі Абылай Шоқанұлы Серікбай – ми ісіктері, бассүйек негізі патологиялары және сирек нейроқұрылымдық ауруларға жоғары технологиялық оталар жасап жүрген дәрігер. Ол өз тәжірибесінде минималды инвазивті, эндоскопиялық және микрохирургиялық әдістерді қолданады. Мамандығын ғылым мен адами миссияның тоғысқан саласы деп санайтын нейрохирург Қазақстандағы нейрохирургияның дамуы мен инновациялық тәсілдер жайлы KazFace.kz тілшісіне айтып берді.

– Соңғы жылдары неврологиялық аурулар жасарып барады деген пікір бар. Сіздің тәжірибеңіз бойынша қандай патологиялар жиі кездеседі?

Неврологиялық аурулар бүгінде тек егде жаста ғана емес, жастар арасында да жиілеп келеді. Бұған өмір салтының өзгеруі, созылмалы стресс, ұйқының бұзылуы және қозғалыс аздығы әсер етеді. Ең жиі кездесетін патологиялар – инсульт, омыртқа аурулары, нейропатиялар, эпилепсия және ми ісіктері. ДДСҰ деректеріне сәйкес, 35–45 жаста инсульт жиілігі артып отыр, бұл қан қысымын бақыламау мен темекі шегудің салдары. Компьютермен ұзақ жұмыс істеу де арқа мен бел ауруларының көбеюіне себеп. Сондықтан ерте диагностика мен салауатты өмір салты аурудың алдын алуда шешуші рөл атқарады.

– Минималды инвазивті нейрохирургия Қазақстанда қалай дамуда?

Еліміз бұл бағытта халықаралық стандарттарға сай даму үстінде. Бұрын ми ісіктерін тек ашық трепанация арқылы алса, бүгінде тіндерді аз жарақаттайтын әдістер кеңінен қолданылуда. Эндоскопиялық эндоназалды хирургия, шағын краниотомиялар, эндоскопиялық омыртқа және эндоваскулярлық нейрохирургия, радиохирургия (Gamma Knife) – соның айқын мысалы. Қазіргі уақытта нейронавигация, нейромониторинг және микроскопиялық құралдар енгізіліп, Қазақстанда айтарлықтай прогресс байқалуда.

– Бассүйек негізі хирургиясы күрделі сала. Операциялық тактика қалай таңдалады?

Бассүйек негізі – анатомиялық тұрғыдан ең күрделі аймақтардың бірі. Онда өмірлік маңызды құрылымдар орналасқандықтан, операциялық тактика мұқият жоспарлауды қажет етеді. Ісіктің көлемі мен таралуы МРТ, КТ және ангиография арқылы бағаланады. Функцияларды сақтау үшін 3D-навигация мен нейромониторинг қолданылады. Мақсат – ісікті барынша толық алып тастау және науқастың неврологиялық функцияларын сақтау.

– Awake surgery әдісі туралы айтып өтсеңіз.

Awake surgery – науқас ояу күйінде жасалатын операция. Бұл әдіс сөйлеу, қозғалыс немесе көру орталықтарына жақын орналасқан ісіктерде қолданылады. Ота кезінде науқас хирургтың тапсырмаларына жауап беріп, тіл және қозғалыс аймақтарын нақты анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай әдісті жүйелі енгізу үшін нейрохирург, анестезиолог, нейрофизиолог, логопед және нейропсихологтан құралған кәсіби команда қажет.

– Мойя-Мойя сияқты сирек ауруларға жасалатын микроанастомоздық операциялар туралы не айтар едіңіз?

Мойя-Мойя – мидың негізгі артерияларының тарылуымен жүретін сирек ауру. Емдеудің тиімді тәсілі – реваскуляризация, яғни миға қосымша қан айналымын қалпына келтіру. STA-MCA bypass сияқты микрохирургиялық әдістер елімізде де қолданылады. Бұл бағытты дамыту үшін толыққанды диагностикалық база мен тәжірибелі команда қажет. Сондай-ақ бірыңғай хаттамалар мен ұлттық маршруттау жүйесін қалыптастыру маңызды.

– Қазақстанда нейропрофилактика мен скрининг қаншалықты дамыған?

Соңғы жылдары халықтың көзқарасы оң бағытта өзгеріп келеді. Көпшілік инсульт пен ми ауруларының салдары ауыр екенін түсіне бастады. Дегенмен ерте диагностика мәдениеті әлі де жетіле қойған жоқ. Көп адам тек айқын симптомдар пайда болғанда ғана дәрігерге жүгінеді. Қазір түсіндіру жұмыстары күшейіп, МРТ мен УДЗ зерттеулері баршаға қолжетімді бола бастады. Ерте диагностика – неврологиялық аурулардың салдарын азайтудың ең тиімді жолы.

– Тәжірибеңізде қандай инновациялық әдістерді енгіздіңіз?

Қазіргі таңда нейронавигация мен интраоперациялық нейромониторинг тұрақты түрде қолданылады. Эндоскопиялық нейрохирургия қалпына келу уақытын едәуір қысқартады, ал стерео-ЭЭГ эпилепсия ошағын миллиметр дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Нейромодуляция мен кезбе жүйке стимуляциясы қозғалыс бұзылыстарын басқаруға жол ашады.

– Неліктен біліктілікті Жапонияда жетілдірдіңіз?

Жапония – микрохирургиялық дәлдік пен қауіпсіздік мәдениеті жоғары дамыған ел. Әсіресе бассүйек негізі хирургиясы мен ми қанайналым бұзылыстарын емдеу саласында жетекші мемлекеттердің бірі. Бұл ел Мойя-Мойя ауруын зерттеу бойынша әлемдік орталық саналады. Жапон мектебінде операцияның әр кезеңі нақты алгоритммен жоспарланып, қателік ықтималдығы барынша азайтылады.

Нейрохирургияны таңдауға не түрткі болды?

Бұл сала – ғылым мен технологияның түйіскен нүктесі. Нейрохирургия – тек кәсіби емес, адами миссия. Әр операция – ойлануды, шешім қабылдауды және адалдықты талап ететін интеллектуалды процесс. Ең бастысы – ауыр диагноз қойылған науқасқа үміт сыйлау.

Елімізде нейрохирургия қарқынды дамып келеді. Болашақта ми қанайналым патологиясы, бассүйек негізі және онконейрохирургия бағыттары ілгерілей түседі. Маңызды міндеттердің бірі – нақты бағыттарға маманданған орталықтар құру және клиникалық стандарттарды жаңарту.

– Менің кәсіби мақсатым – Қазақстанда жоғары деңгейлі нейрохирургиялық және оқыту орталығын дамыту, қауіпсіз әрі дәл хирургия мәдениетін қалыптастыру, – дейді нейрохирург Абылай Шоқанұлы Серікбай.