Сұхбат KazFace.kz

Жаппай оқушылар улануы: кінәлілар жазаланды

Жаппай оқушылар улануы: кінәлілар жазаланды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ 

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл күн – тек мереке ғана емес, тарих пен тағдырдың сабақтастығын, әр ұлт өкілінің ел дамуына қосқан үлесін терең ұғынатын күн. Тарихтың қатпарлы беттеріне көз жүгіртсек, еліміздің бүгінгі берекелі бірлігінің артында талай ұлттың көз жасы мен ауыр тағдыры жатқанын көреміз. Біз бүгін сондай тағдырды бастан өткерген жан Пшимбаева (Цой) Павлинаның естелігіне тоқталамыз.

Павлина Цой – Шығыс Қазақстан облысындағы Кәрістер қауымдастығы төрағасының орынбасары, кәсіби медиатор, ардагерлер кеңесінің мүшесі. Ол саяси қуғын-сүргін мен депортация жылдарын есіне түсіріп, есінде қалған естеліктерімен бөлісті. 

"Мен Ташкент облысындағы Беш-Арық деген ауылда дүниеге келіппін. Есімде қалғаны – екі бөлмелі аласа саман үй, қызыл шкаф, шексіз мақта алқаптары мен күн астында еңбек еткен әйелдер мен балалар", – дейді ол.

Көшірудің алғашқы жылдарындағы жоқшылық пен мұқтаждыққа қарамастан, отбасы рухани құндылықтар мен білімге ұмтылуды тоқтатпаған.

"Тіпті ештеңе жоқ кезде, әкем бізге патефон, пластинкалар, газеттер мен «Корея» журналын алып беретін. Ол туған жеріне оралмаса да, өзінің мәдениетін сақтап қалуға тырысты", – деп еске алады кәріс қызы.

Отбасы алғашында кәріс тілінде сөйлеген, кейін өзбек және орыс тілін меңгеріп, жаңа ортаға бейімделді. "Бейімделу – біздің тірі қалуымыздың жолы болды", – дейді ол.

"Қазақтар мен өзбектер бізді бөтенсімеді. Барымен бөлісіп, үйлерінің есігін ашты. Олардың кеңпейілділігі болмаса, біз бұл қиындықтардан аман өтпес едік", – деп ризашылығын білдіреді ол.

Павлина Михайловна сол жылдарды әрбір отбасының жүрегіне түскен жара, тағдыр тәлкегіне ұшыраған мыңдаған жазықсыз жандардың өмірі деп еске алады. Бірақ дәл осы ауыр сәттер ел ішіндегі шынайы адамгершілік пен бауырмалдықты айқын көрсетті.

"Бізге қасірет арқылы келген осы бірлік – бүгінгі Қазақстанның тірегі. Біз өзіміздің жаңа Отанымызды таптық, осы жерде өсіп-өндік. Енді сол бірлікті сақтап, ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз.", - деді Павлина. 

Қазақстан – көпұлтты, тату ел. Бірлік күні – сол достық пен түсіністіктің, ортақ тарих пен тағдырдың белгісі. Бір кездері қазақ жері депортацияланған жүздеген мың жанға пана болды. Енді сол халықтардың ұрпағы елдің өркендеуіне үлес қосып келеді.

Павлина Михайловна айтқандай, бүгінде кәріс жастары ғылым, білім, медицина, ауыл шаруашылығы сынды салаларда зор табыстарға жетуде. Олардың жетістігі – тарих алдындағы алғыс пен адалдықтың көрінісі.

Бүгін – әртүрлі ұлттың өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстанның нағыз қуанышты күні. Осы бірлік – тек ортақ аумақ пен заң емес, ортақ өткеннің, ортақ болашақтың көрінісі. Ал сол өткеннің ішінде – қайғы да, қуаныш та, үміт те бар.

Олай болса, 1 мамыр – бізді біріктірген тағдыр мен жүректегі ризашылық күні. Бұл күн – ата-бабаларымыздың мейірімі мен кеңпейілдігіне тағзым, ел болашағына деген сенімділік күні.