Жаңалықтар

«Kazakh Tourism»: «Біз массалық туризмге дайын емеспіз»

«Kazakh Tourism»: «Біз массалық туризмге дайын емеспіз»

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Шоу-бизнес пе, әлде ұлттық индустрия ма? Бұл сұрақ Шырын Мусина, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарушы директоры, берген сұхбатынан кейін өзекті бола түсті. Ол  Qogam News арнасына берген пікірінде Қазақстан туризмінің дамуындағы түйткілдерді ашық айтты, деп хабарлайды KazFace.kz тілшісі.

Мусина ханым атап өткендей, Экспо, Азиада, саммиттер мен ауқымды концерттер сияқты ірі іс-шаралар маңызды болғанымен, бұл жеткіліксіз. Туризмді тұрақты экономикалық бағытқа айналдыру үшін жыл бойы теңдей таратылған, ұзақ мерзімді іс-шаралар қажет.

«Біз бәрінен де “ең үлкен концерт”, “ең ауқымды шара” жасауға құмармыз. Бірақ бұл қысқа мерзімді әсер ғана. Ұзақ мерзімді стратегиясыз туризм тұрақты салаға айналмайды», деді ол.

Kazakh Tourism дерегі бойынша, 2023 жылы Қазақстан шекарасынан 15 миллионнан астам адам өткенімен, олардың көбісі тек жұмыс істеу немесе қоныс аудару мақсатында келген. Ал нақты турист  ретінде  елде 24 сағаттан артық уақыт өткізіп, қаражат жұмсаған жағдайда ғана саналады. Мұндай шынайы туристер саны 10 миллионнан сәл асады.

«Біз әлі де массалық туризмге дайын емеспіз. Michelin жұлдызы бар мейрамханалар да жоқ. Бірақ келіссөздер 2020 жылдан бері жүргізіліп келеді. Мен өзім де гастроиндустрияны дамытуға мүдделімін», дейді Мусина. 

Оның айтуынша, Қазақстан табиғат пен шопинг үшін келетін туристерге ғана емес, гастрономиялық туризммен де танылуы тиіс.

Kazakh Tourism жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша, бүгінгі  елге келетін туристердің портреті  35 жастан асқан ер адам. Бірақ соңғы жылдары отбасылық туризм де айтарлықтай өсіп келеді. Осы бағытты ынталандыру үшін 2–17 жас аралығындағы балаларға ішкі рейстер тегін. Сонымен қатар, туроператорлар әрбір тартылған турист үшін 15 000 теңге  алады.

Алдағы ірі мәдени шара Дженнифер Лопестің концерті. Оған 15 000-ға жуық турист келуі мүмкін. Алайда бұл бір реттік әсер ғана. Мусина бұл шаралардың уақытқа теңдей бөлінуі және саланың басым бағыттарының бірі ретінде жүйелі түрде жоспарлануы тиіс екенін ерекше атап өтті.