Жұлдыздар өмірі

Айшолпан Тілеутай: "Қабатовтар мені байсымақтардың тойына тегін шығарды"

Айшолпан Тілеутай: "Қабатовтар мені байсымақтардың тойына тегін шығарды"

Соңғы кезде өзінің өткір сөздерімен, ерекше айтыстағы ырғағымен танымалдылыққа ие болған жас айтыскер-ақын Айшолпан Тілеутай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KazFace.kz. 

Оның айтуынша, танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың әйелі, бұрынғы продюсері Мөлдір Мұқанова соңғы сұхбатында айтыскердің сыртынан шындыққа жанаспайтын ақпарат айтып, жала жапқан. Онымен қоймай, бүкіл ел алдында Айшолпанның дене бітімін сөз етіп, мысқылдаған көрінеді. 

Мен қарапайым отбасынан шыққанмын. Астанаға арман қуып келдім. Маған продюсерлік етуді өздері ұсынды. Бірақ ақыр соңында келісімшарттағы бірде бір дүние орындалмады. Мен байсымақтар мен депутаттардың тойында тегін өнер көрсеттім, - деп күйінеді Айшолпан. 

Келісімшартта жұлдызды жұп Айшолпанды "Әзіл әлеміне" шығаруға, киноға түсіруге, киіммен қамтамасыз етуге, жеке концерттерін ұйымдастыруға міндетті болған. Бірақ айтыскердің айтуынша ешқайсысын орындамаған. Сонымен қоса, Мөлдір Мұқанова айтыскерге белгіленген жалақысын бермей зар жылатқан. 

Тіпті, бір тойда өнеріме тәнті болған бір министр домбыра сыйлап еді, оны да менен тартып алып үйіне қойып қойды. Мөлдір ханым сұхбатында маған бір костюм тігіп бергенмін, соны әлі киіп жүр депті. Сонда ол адам өзінің проектісіне костюм тіге алмаса, немеге продюсер болады? - дейді айтыскер.

Айшолпан Тілеутай шығыстың тумасы. Ол халыққа Балғынбек Имашевтің "Айтыс-шоу" бағдарламасында айтысқа жаңа ырғақ беріп, рэп оқып танылған болатын. Сондай-ақ, Айшолпан бокстан спорт шебері.

Айта кету керек, Мөлдір Мұқанова соңғы кездері кәсіпкерлікпен айналысып жүр. Оның жеке өнер мектебі бар екені мәлім. Ал Айшолпанға 5 жыл продюсерлік еткен және жуықта өзі келісімшартты тоқтатқан.