Астанада 21 адам еттен уланған

Астанадағы «Көктем» кафесінде жаппай улану оқиғасына байланысты жүргізілген зертханалық сараптама нәтижесі жарияланды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Улану оқиғасы 17 сәуір күні Көктем кафесінде орын алған. Тамақтанған 21 адам, оның ішінде 11 ересек пен 10 бала ауруханаға жеткізілген болатын. Қазіргі таңда олардың барлығына медициналық көмек көрсетілуде. Кафе иесі Данияр Байтоқовтың айтуынша, улануға себеп болған – сыртқы жеткізушіден алынған шикі ет өнімі, ол санитарлық талаптарға сай келмеген.
«Зертханалық қорытынды бойынша, біздің асханамыз таза, барлық санитарлық талаптар сақталған. Ал негізгі себеп – санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін еттің партиясы. Біз бұл өнімді сыртқы жеткізушіден алғанбыз. Қазір бұл дерек бойынша Астана қаласының полиция департаменті мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет бірлесіп ресми тергеу жүргізіп жатыр. Біз барлық құжаттар мен мәліметтерді тиісті органдарға ұсындық», – деді мекеме басшысы.
Оқиғадан кейін кафе барлық азық-түлік өнімдерін жойып, ас үй мен жабдықтарды толықтай дезинфекциялаған. Сондай-ақ, қызметкерлерге қосымша санитарлық білім беру жұмыстары жүргізіліп, штатқа санитар дәрігер қабылданған.
Аталған жағдай қоғамның назарын аударып отыр. Санитарлық бақылау органдары мен полиция бөлімшелері бұл оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін бірлескен тергеу жұмыстарын жалғастыруда. Ет өнімінің жеткізушісі мен оның сапасына қатысты қосымша тексерулер жүргізілмек.