Қазақстандықтар Құрбан айтта қанша күн демалады?

Маусым айында қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамына орай қосымша демалыс күні күтіп тұр, деп хабарлайды KazFace.kz.
Биыл Құрбан айттың алғашқы күні 6 маусым жұма күніне сәйкес келеді. Еліміздегі заңнамаға сай бұл күн ресми түрде демалыс күні болып есептеледі. Осыған байланысты бес күндік жұмыс аптасы бар азаматтар үш күн қатарынан — 6, 7 және 8 маусым күндері демалады.
Ал алты күндік жұмыс кестесімен еңбек ететіндер үшін демалыс күндері 6 және 8 маусымға сәйкес келеді, ал 7 маусым — сенбі күні жұмыс күні болады.
Құрбан айт — мұсылман жұрты үшін маңызды мерекелердің бірі. Ол Ораза айттан кейінгі 70-күні аталып өтеді. Бұл күні мұсылмандар арнайы айт намазын оқып, құрбандық шалады. Сонымен қатар, бұл күн қажылықтың аяқталуымен де тұспа-тұс келеді.