Билік

Астана әкімдігі ардагерден кешірім сұрады

Астана әкімдігі ардагерден кешірім сұрады

7 мамырда Астанада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған парад кезінде тыл ардагері, профессор Теңдік Изақовты салтанатты трибунаға кіргізбей қойған оқиға қоғамда үлкен наразылық тудырды. Бүгін әкімшілік кешірім сұрап, ардагерге барды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Куәгерлердің айтуынша, айналасындағылар бірнеше рет өтініш білдіргенімен, құқық қорғау қызметкерлері егде жастағы азаматтың мәртебесіне қарамастан оны трибунаға өткізбей қойған. Бұл оқиға қоғам тарапынан қатты сынға ұшырап, «Ұлы Жеңіс күнінде ардагерге көрсетілген құрмет осы ма?» деген орынды сұрақтар туындады.

Желіде қызу талқыланғаннан кейін, Астана қаласының әкімдігі шұғыл әрекет етіп, ресми түсініктеме беруге мәжбүр болды. Жұмыспен қамту және ішкі саясат басқармасының өкілдері Теңдік Изақов пен оның отбасымен арнайы кездесіп, орын алған жағдай үшін кешірім сұрап, алғысын білдірді.

Әкімдіктің айтуынша, парадқа кіру тек алдын ала берілген тізім бойынша жүзеге асырылған. «Изақовтар отбасы тарапынан өтініш түспеген», – деп ақталды шенеуніктер. 

Сонымен қатар, трибуналардағы орын саны шектеулі болғанын және егде жастағы азаматтардың жайлылығы басты назарда болғанын да тілге тиек етті.

Бірақ бұл жағдай – жауапкершіліктің жетіспеуінен туындағаны анық. Тыл ардагерін, профессорды, елге еңбегі сіңген азаматты тізімде жоқ деп сыртта қалдыру – тек ұйымдастырудағы салғырттық емес, ұрпаққа үлгі болатын адамдарға деген құрметтің кемдігін де аңғартады. 

Әкімдік Теңдік Изақовты 9 мамыр күні өтетін гүл шоғын қою рәсіміне арнайы шақырды. Сонымен қатар, мұндай жағдай қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылданатынын уәде етті.