Билік

Шымкентте жүргізуші куәлігін сатқан топ ұсталды

Шымкентте жүргізуші куәлігін сатқан топ ұсталды

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Шымкент қаласында жүйелі түрде пара алып, азаматтарға заңсыз жолмен жүргізуші куәлігін рәсімдеп келген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Тергеу барысында 2023-2024 жылдар аралығында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Мурашимов Ж.Р. басшылық еткен бір топ лауазымды тұлға заңсыз әрекет ұйымдастырғаны анықталды. Бұл схема арқылы азаматтар теориялық және практикалық емтихандарды тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін алып отырған.

Азаматтар мұндай «қызмет» үшін 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ақша төлеген. Нәтижесінде кемінде 500 адам заңсыз жүргізуші куәлігін алған.

Тергеу аясында күдіктілердің жалпы құны 200 миллион теңгеден асатын мүлкіне: 2 жеке тұрғын үй, 2 пәтер, 2 жер телімі мен 10 автокөлікке тыйым салынды. 

Соттың санкциясымен 12 күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.