Билік

Қазақстанда бұқаралық спорттық шараларға талаптар күшейтіледі

Қазақстанда бұқаралық спорттық шараларға талаптар күшейтіледі

Алматыдағы жартылай марафон кезінде екі адамның қаза табуына байланысты елімізде бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру талаптары қатайтылатын болды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Бұл туралы ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өзінің Instagram парақшасында хабарлады. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда оқиғаға қатысты жан-жақты тексеру жүргізілуде. Қатысушылардың денсаулық жағдайы, жарысты ұйымдастыру деңгейі, медициналық қамтамасыз ету мен қауіпсіздік регламентінің сақталуы егжей-тегжейлі сарапталуда.

«Бұқаралық спорт қауіпсіз және жоғары ұйымдастыру стандарттарына сай болуы тиіс. Осы оқиғаға байланысты жаңа ұсыныстар әзірленіп, тиісті органдарға жолданады», - деді министр.

Еске сала кетейік, жексенбі күні Алматыда өткен дәстүрлі жартылай марафон барысында 84 жастағы және 21 жастағы екі қатысушы көз жұмған болатын.