Алғашқы әскери дайындық мұғалімдері марапатталды

Отан қорғаушы күніне орай еліміздің мектептерінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінен сабақ беретін үздік мұғалімдер арнайы марапаттарға ие болды, деп хабарлайды Kazface.kz.
Салтанатты шараға оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Әбубәкіров қатысты. Министр 40-қа жуық мұғалімді ведомстволық наградалармен марапаттап, олардың жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудегі рөлін ерекше атап өтті.
«Бүгінде 5 мыңға жуық мұғалім осы пән бойынша сабақ береді. Олар оқушыларға тәртіп, жауапкершілік, Отанға деген құрмет сияқты қасиеттерді үйретуде маңызды еңбек етіп отыр», – деді Ғани Бейсембаев.
Іс-шара барысында 9 педагогқа «Еңбек ардагері» медалі, ал 30-дан астамына «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар, министр АӘТД кабинеттерін жаңғырту, әскери бөлімдерге экскурсиялар ұйымдастыру және «Жас сарбаз» қозғалысын қолдау бағытында Қорғаныс министрлігімен бірлескен жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Жиын соңында Ғани Бейсембаев ұстаздарға адал қызметі үшін ризашылығын білдіріп, педагог мәртебесін көтеру – министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.