Астанадағы жаңа мектептер қандай болады ?

2029 жылға дейін Астана қаласында екі ауысыммен оқытылатын 157 мың оқушыға арналған 63 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Бұл туралы қала әкімдігіне сілтеме жасап KazFace агенттігі хабарлайды.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, жаңа мектептер «Комфортты мектеп» тұжырымдамасы негізінде салынады. Бұл жоба қауіпсіздік, энергия үнемділік және оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
«Комфортты мектеп» концепциясы халықаралық білім беру нысандарын жобалау стандарттарына сүйенеді. Бұл тұжырымдамаға инклюзивтілік, қауіпсіздік, оқыту кеңістіктерінің икемділігі, энергия тиімділігі және цифрландыру сияқты бағыттар кіреді.
Жаңа мектептер заманауи оқу кеңістіктерімен, STEM-кабинеттермен, интерактивті құрал-жабдықтармен, коворкингтермен, демалыс аймақтарымен, сондай-ақ спорттық және мәдени нысандармен жабдықталады.
Тұжырымдама Финляндия, Сингапур, Оңтүстік Корея және Германия, Ұлыбритания, Австрия, АҚШ сынды ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдерінің тәжірибесіне негізделген.
Арнайы білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай:
• Инклюзивті орта қалыптастыру – пандустар, лифтілер, тактильді көрсеткіштер, арнайы санитарлық бөлмелермен қамтамасыз етіледі;
• Тьюторлар мен мамандар көмегімен инклюзивті оқыту тәсілдері енгізіледі;
• Арнайы бағдарламалар мен жеке білім беру маршруттары қолданылады;
• Арнайы құралдармен және көрнекі материалдармен жабдықталған сыныптар ұйымдастырылады;
• Психолог, логопед, дефектолог сияқты мамандар қатысуымен психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қарастырылады.
Ағымдағы жылы Астанада жаңа оқу жылына орай 7 жаңа комфортты мектептің есігі ашылады.