Астана соты блогер Әли-Аскер Байғожинді ақтады

Астана қаласының соты сатиралық «Ганюшкино департаменті» сериалының авторы, блогер Әли-Аскер Байғожинді ақтады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Оның үстінен қозғалған әкімшілік іс құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Бұл туралы блогердің адвокаттары «Власть» басылымына хабарлады.
Бұған дейін, 23 сәуір күні, Әли-Аскер Байғожин өзінің үстінен «ұсақ бұзақылық» (қоғамдық орында балағат сөз айту) бабы бойынша әкімшілік іс қозғалғанын мәлімдеген болатын.
Әкімшілік істің қозғалуының себебі — блогердің YouTube платформасындағы «Ганюшкино департаменті» сатиралық сериалындағы кейіпкері. Онда ол құқық қорғау органдарының өкілдерін әзіл-сықақ түрде бейнелеген.
Блогердің қорғаушылары іс жүргізуді тоқтатуды талап етті. Олардың айтуынша, сериалдағы эпизодтар үш айдан астам уақыт бұрын түсірілген. Сондай-ақ адвокаттардың мәліметіне сәйкес, түсірілім студияда жүргізілген, яғни ол жерде блогердің «қоғамдық орындарда қоғамға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіпті бұзуы» мүмкін болмаған.