Спорт әлемі

Қазақстанда легионерлерге бюджеттен қаржы бөлінбейді

Қазақстанда легионерлерге бюджеттен қаржы бөлінбейді

Мемлекет басшысы “Дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға қол қойды, деп хабарлайды KazFace.kz. 

Жаңа заң спорт саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған. Енді уәкілетті орган республикалық және өңірлік деңгейде приоритетті спорт түрлерінің тізімін бекітеді. Бұл тізімге Олимпиада, Паралимпиада, Азия және Параазия ойындарына кіретін спорт түрлері мен ұлттық спорт түрлері енеді.

Заң бойынша енді шетелдік спортшыларды (легионерлерді) бюджет есебінен немесе квазимемлекеттік сектор қаржысы есебінен қаржыландыруға тыйым салынады. Бұл бастаманы мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов 2024 жылдың қарашасында көтерген болатын.

“Қазір қаржыны барлық спорт түріне шашыратып жатырмыз. Бізге нақты приоритеттерді анықтау керек,” – деген еді.

Заң аясында спортшыларды даярлаудың бірыңғай ұлттық стандарттары енгізілді. Олар дәстүрлі құндылықтар мен патриоттық тәрбиені күшейтуді көздейді. Сондай-ақ, спорт федерацияларын аккредитациялау жүйесі жетілдіріліп, олар ұлттық және жергілікті болып бөлінеді.

Жаңа заң аясында допингке қарсы шаралар күшейеді. Уәкілетті орган енді допингке қарсы ережелерді бұзғандарға қатысты шара қолдана алады.