Жазушы, драматург Әкім Тарази дүниеден озды

Қазақстанның көрнекті жазушысы, драматург және сценарист Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қаралы хабарды ақын Бауыржан Қарағызұлы әлеуметтік желіде жеткізді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Әкім Үртайұлы Әшімов (Әкім Тарази) 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Ол әдебиет пен театр өнеріне елеулі үлес қосқан қаламгер. Оның қаламынан «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Москва – Баласаз» сынды романдар, ондаған пьесалар мен әңгімелер туған.
Таразидің сценарийлері негізінде түсірілген «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Қызжылаған» секілді фильмдер қазақ киносының алтын қорынан орын алды. 2023 жылы оның 12 томдық шығармалар жинағы жарық көріп, тұсаукесері өткен болатын.
Жазушы әдеби аударма саласында да еңбек етті. Ол Ф. Рабленің «Гаргантюа және Пантагрюэль» романын және бірқатар тарихи еңбектерді қазақ тіліне тәржімалаған.
Әкім Тарази түрлі мемлекеттік марапаттарға ие болған. Олардың қатарында — «Құрмет» ордені (1994), «Отан» ордені (2015), Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы (2002) және ең жоғары марапат — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы (2021) бар.