Депутаттар: «Қазақстанда авиаотын тапшылығынан билет қымбаттады»

Сенат депутаты Сүйіндік Алдашев еліміздегі әуе билеттерінің қымбат болу себебін авиаотын тапшылығымен байланыстырды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мұнай өңдеу зауыттары өсіп жатқан сұранысты қамтамасыз ете алмай отыр, сондықтан қажеттілік шетелдік импорт арқылы жабылуда. Бүгінде тапшылық шамамен 237 мың тоннаны құраса, 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 550 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін.
Сенатордың мәліметінше, билет құнының 36,5%-ы авиаотынға, ал қалғаны техникалық және әуежай қызметтеріне, жолаушыларға қызмет көрсетуге жұмсалады. Алайда ол авиаотын нарығы жабық әрі мөлдір еместігін, кейбір әуежайлар бәсекелестерге инфрақұрылымға қол жеткізуге мүмкіндік бермейтінін атап өтті.
Сонымен қатар, әуежай инфрақұрылымының тозуы, жабдықтардың ескіруі және көпшілігінің шығынмен жұмыс істеуі – саланың өзекті мәселесі.
Мәселені шешу үшін депутат азаматтық авиацияны басқарудың тиімді үлгісін әзірлеу, мұнай өңдеу зауыттарының өндірісін арттыру, авиаотынмен қамтамасыз етуде бірыңғай жүйелі тәсіл қалыптастырусынды ұсыныстар айтты.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин де елдегі әуе тасымалы халықтың басым бөлігіне қолжетімсіз екенін айтып, билет бағасын бақылауға алуды және авиакомпанияларға қатысты қатаң шара қолдануды ұсынған болатын.