Жұлдыздар өмірі
Пресс-релиз

Блогер Daricorn-ға қарсы дау: Кибербуллинг үшін аккаунты бұғаттала ма?

Блогер Daricorn-ға қарсы дау: Кибербуллинг үшін аккаунты бұғаттала ма?

Алматыда блогер Daricorn 9 жасар баланы мазақ еткен видео үшін қоғамның наразылығына ұшырап, мәжіліс депутаты оның аккаунтын бұғаттауды ұсынды, деп хабарлайды Kazface.kz.

Алматыда белгілі блогер Дариға Нуркеева (Daricorn) мен 9 жасар бала арасындағы жанжал қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оқиға 2024 жылдың тамыз айында болған. Желіде миллиондаған жазылушысы бар блогер балаға сұхбат бергізіп, кейін видеоны монтаждап, оның жауабын мазаққа айналдырып, жариялаған. Бұл ролик әлеуметтік желілерде тез таралып, бала мен оның отбасына моральдық соққы болғаны айтылуда.

Бейнероликте бала "пицца" деп жауап бергенімен, оны бұрмалап, әдейі қорлайтын мәнде жариялаған. Осыдан кейін қоғамда блогердің әрекетіне қарсы наразылық толқыны басталды. Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар бұл жайтты кибербуллинг деп бағалап отыр.

Қазақстандағы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева бұл жағдайды интернетте балалардың бейнесін жауапсыз пайдалану проблемасының бір бөлігі ретінде қарастыру қажеттігін айтты.

Мәселе бұған дейін де блогердің заңға қайшы әрекеттерімен ұштасып отырғанын көрсетеді. Бұған дейін Дариға Нуркеева жол ережесін өрескел бұзып, қоғам назарын тағы бір аударған болатын.

23 сәуір күні мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, блогердің аккаунтын бұғаттауды ұсынды:

"Бұл — кибербуллингтің айқын мысалы. Мұндай заңсыз контент 24 сағат ішінде жойылуы тиіс. Жәй ғана айыппұл жеткіліксіз. Ақпарат министрлігі, прокуратура және ІІМ TikTok пен Instagram-ға арнайы сұраныс жолдап, аккаунтты жоюға күш салуы қажет", — деді депутат.

Әбенов блогерлердің ең осал тұсы — олардың жазылушылары екенін айтып, заңды бұзғандар үшін аккаунтты жабу ең тиімді жаза болуы мүмкін екенін жеткізді.