Журналистер саябағы ашылды
Елордарда журналистер саябағы ашылды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Саябақтың ашылу салтанатына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, белгілі қаламгерлер Сауытбек Абдрахманов, Жанат Елшібек, Жанболат Аупбаев пен басқа да журналистиканың ардагерлері мен БАҚ басшылары қатысты.
- Журналистер саябағындағы сәнді стеллада Қазақ ұлттық баспасөзінің бағдары болған Ахмет Байтұрсынұлы мен тәуелсіз қазақ басылымдарының баhадүрі Шерағаңның бейнесі қатар орналасуы да ұлылардың ұлы жолының жалғастығын білдірсе керек. Сондықтан елдегі белгілі басылымдар мен ақпарат құралдарының аты қашап жазылған бұл ескерткішті отандық журналистиканың жылнамасы деп бағалауға болады», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі журналистерді құттықтап.
Ақпарат майданында тер төгіп жүрген журналситер үшін бұл айтулы күн. Өйткені ел жүрегі Астана қаласының Егемен Қазақстан көшесінде Журналистер саябағы ашылды. Саябақтың ашылуы журналистерге көрсетілген құрметтің бір көрінісі деуге болады.
Еске салайық, дәл осы маңда екі жыл бұрын президенттің қатысуымен Алаш қайраткерлерінің ескерткіші ашылған. Қаламгерлер аллеясына ұласып жатқан журналистер саябағы ұлттық руханияттың сабақтастығын көрсетеді. Сонымен қатар, жуырда Қазақстанда 2 ақпан Ұлттық баспасөз күні болып белгіленді.